Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Путинге поклон. Ескіні аңсаушылар бас көтере бастады" - Ермұрат Бапи Путинмен кездескен Назарбаев жайлы пікір білдірді

11:47, 15 желтоқсан 2024 3717

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Назарбаевтың Путинмен кездесуіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.


"Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ПУТИНГЕ "ПОКЛОН"  жасау сапарынан кейін, елдегі барлық олқылыққа Парламентті жазғыратын қоғам "депутаттарды сою" синдромын қайтадан қоздыра бастаған сыңайлы. "Мәжілістегі депутаттар елдегі реваншизмге қарсы неге әрекет жасамайды?" деген сұрақ әлеуметтік желілерді теңселтіп тұр.

Осыған орай, Парламенттің 21-қараша күнгі пленарлық отырысында жария еткен депутаттық сауалымды ықшамдап, Фейсбук қауымдастыққа қайыра ұсынуды жөн көрдім. Оқып көріңіз, артық-кемін патша көңілді қауымның өзі пайымдап алар.

Ескерте кетейін, "ескінің реваншизмі" мен "жаңаның саботажы" турасында былтырдан бері Парламенттің жалпы отырысында бірнеше рет мәселе көтергенімде, "жоқтан барды қоқсытқанды қою керек қой" деген сыңаймен, Фейсбуктің пікір серкелері мені күлкі қылғаны да бар еді. Әлбетте, мен өзімді елдегі пікірлердің алтын қазығы санаудан аулақпын. Дегенмен өз құзіреті мен қолданыстағы заңнамалар беретін мүмкіндіктер шеңберінде Мәжіліс депутаттары "еститін" билікті де, қотиындау қоғамды да құлағдар етіп жүргенін осы жарияланым арқылы қаперге салғым келеді.

ЕСКІНІ АҢСАУШЫЛАР
БАС КӨТЕРЕ БАСТАДЫ
 
ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы
Ермек Сағымбаевқа!
 
ҚР Ақпарат және мәдениет министрі 
Аида Балаеваға

...Жуықта әлеуметтік желілер арқылы Парламент Сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарағаны мәлім. Әлбетте, тақырыпқа желеу болған персонаждың басқалардан адами «артықшылығы» болса, оған ешқандай дау жоқ. Бірақ бұл адам – Дариға ханым кеше ғана елдегі екінші басшы ретінде жоғары саяси лауазым иесі болғанын ұмытпаған жөн. Сондықтан бұны бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек.

Әсіресе қазақ қоғамына (қайталап айтам, қазақ қоғамына) іріткі салуға астыртын бағытталған осындай «ескіні аңсау» үрдісі бүгінде саяси сипат ала бастаған сияқты. Әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан мұндай манипуляция арқылы «жаңа Қазақстанды» саяси жік-жікке бөлу, өш алу, есе қайтару, «билікке қайтып келу» әрекетінің әлпетін сезіну қиын болмаса керек.

Мәселен, тағы бір мысал: Қаңтар оқиғасына тікелей қатысы бар, қантөгіске себепші болды деп саналатын «теріс діни ағымның» көсемі бостандыққа шыққан соң, оның жақтас жандайшаптары қоғамның саяси санасына «қиқым салуға» белсенді түрде кірісуде. Қаңтарда мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттеніп, ақырында шетелге қашып кеткендер біртіндеп елге орала бастады. 

Енді олар ұлттық мұдде-мұра мен салт-санаға қарсы идеологияны ел ішіне үйіріп, реваншистік саясатты қоғамға сіңіруге қам жасауда. Мақсат – әзірге онсыз да ала-құла қоғамда әлеуметтік-протестік теңселіс пен наразылық толқуларын тудыру. Әлеуметтік желілер мен таралымы миллионға тақау жазылушысы бар танымал интернет ресурстарға қаржылай көмек беру арқылы оларды өз «бауырларына» басып, ашық платформалар арқылы саяси теңселістер тудыруға ниетті. Маған мұндай инсайдерлік ақпараттың бірнешеуі жетті.

«Бүгінгі билік отставкаға кетеді», «мерзімінен бұрын өтетін сайлауларға дайындық жүріп жатыр», «депутаттардан ұят кетті» (мен өзімді ұяттан кеттім деп айта алмаймын және өзгеге де айтқызбаймын) деген сияқты жалаң трендтердің әлемжеліге еркін тарауына сол реваншистік күштердің қолтыққа су бүрку әрекеттері себеп болуда. Бұның бәрі «бұрынғының кезінде мұндай болмаған» деген тезисті тарату арқылы қоғамдық санаға солақай саңылау салудың саяси технологиясы деп қабылдау керек.

Мен дәл осындай контрпропагандалық материалдардың бір парасын бұған дейін тиісті ведомстволардың жоғары лауазымгерлеріне жолдаған едім. Енді қоғамға іріткі салушы түпнұсқаларды анықтауды, ең бастысы – ел-жұртқа жік салу пиғылы бар осындай «ескішіл» астыртын күштерді анықтауды, олар жөнінде қоғамға толыққанды ақпарат беруді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (КНБ) басшылығынан сұраймын.

Әлбетте, мен мүдделі мекемелерді мәні майысқан мәселенің анық-қанығын, мемлекттің діңі мен діңгегін солқылдатуға тырбанған реваншистік күштерді анықтауға шақырғанда, депутат Бапи сөз бостандығына нұқсан келтіруге әсер етуде деген ой болмауы керек. Ешқандай заңсыз қудалау болмауы тиіс. Бұл ұлттың, елдің, мемлекеттің тұтастығына тәнтіліктен туған бастама деп қабылдануы керек.

Бірақ жеме-жемге келгенде, «ескішілдік» технологиясы ұлттық тұтастыққа қастық қылатын, қазақ қоғамын саяси лагерьлерге бөлшектеуге құштар «сөз бостандығы» біздің елдік болашағымызға қатер тудыруы әбден мүмкін. Қазақстанның қауіпсіздігіне, жуық болашақтағы елдік мұратына қаскүнем мұндай сөз бостандығы бізге қаншалықты қажет?!

Сол сияқты «бұрынғы билікті» аңсаушылар ушықтырып, қазақтар мен жалпы мұсылмандар дүниесін «жаңа Қазақстанға» қарсы айдап салып жүрген діни-саяси әрекеттер де әшкереленуі керек. Қазақтың мың жылдық ұлттық мұраттары мен ұлттық салт-дәстүрі шариғатпен емес, тиісті заңнама нормаларымен реттелуі тиістігін ұмытпайық!", - деп жазды Ермұрат Бапи.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар