Атырауда түн ішінде өрт шыққан үйден 11 адам құтқарылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қаладағы бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде бірінші қабаттағы пәтерден өрт тұтанғаны туралы ақпарат түнгі уақытта 112 қызметіне түскен. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі жедел жетіп, эвакуация жұмыстарын бастады.
Өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы арнайы құтқару жабдықтарын пайдаланып, арасында екі бала бар жеті адамды қауіпсіз жерге шығарды. Олар кейін медициналық тексеріс үшін жедел жәрдем қызметіне тапсырылды. Бұдан бөлек, автосаты көмегімен тағы төрт адам, соның ішінде бір бала құтқарылған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр. Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтауға кірісті.