Астанада өткен мәслихаттың кезекті отырысында қала мәслихатының бюджет және экономика мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Кендебай Адамбек мемлекеттік тілдің қолданысына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Alash.kz.
Отырыс барысында Кендебай Адамбек баяндамашыларға есептерін қазақ тілінде ұсыну қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, жиынға қатысушылардың басым бөлігі қазақ ұлтының өкілдері болғандықтан, мемлекеттік тілдің үстемдігі сақталуы тиіс.
Комиссия төрағасы тәуелсіздік алғанына 34 жыл толған елде ресми жиындарда қазақ тілінің басым қолданылуы заңды талап екенін атап өтті. Сондай-ақ ол кеңес кезеңінде аз уақыт ішінде қазақ қоғамының орыс тіліне бейімделіп кеткенін мысалға келтірді.
Айта кетейік, мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының биылғы алғашқы отырысы өткен. Күн тәртібінде Астана қаласы әкімдігінің ведомстволық мекемелерінің жұмыс тиімділігін арттыру, иесіз нысандарды қабылдау барысы және бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуы мәселесі қаралды.
Жиында негізгі баяндама екі басқарма басшысына жүктелсе, қосымша ақпаратпен алты ведомстволық мекеменің жетекшілері депутаттар алдында есеп берді.