Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Міржақып Дулатұлы: Оқу-оқыту жолы, қазақ мектебі қандай болу керек?

23:02, 29 сәуір 2024 431

Оқу-оқыту жолы, қазақ мектебі қандай болу керек. Оның оқытушылары жайынан газетімізде сан жазылды. Бұл туралы мұнан былай қанша жазылса да, көптік қылмайды. Біз айтып өттік, міндетімізді атқардық, ендігісін өздерің біліңдер деп қол қусырып отыратын мәселе бұл емес.

Бұл кезде қазақ арасында қай оқуға болса да қарсы тұрушының жоқтығы айдай анық болды. Оқуға ұмтылып, халыққа қалай білім таратудың жайын, шын мағынасындағы тәртіпті мектептерді қалай көбейтудің лажын таба алмай дағдарып жүргендер көп. Бұл лажсыздықтың түйіні ақша екендігінде шек жоқ. Егер бұл түйін шешілсе, көздеген мақсатқа қол жетер еді деп үміттенуге болады.

Осы күнгі қазақтың мектепте қалай тәрбиелеу, мұғалімдерді қандай шарттармен ұстауы, оқыған балалар қанша білім алып шығатыны көбімізге белгілі. Бұл ретпен бізде оқу-оқыту ісі алысқа кете алмасын сезгендер бар көрінеді. Әр жерден басқармаға жазған хаттардан көрінуші еді, ел қамын ойлаушы ашық пікірлі адамдардың кейбіреулері қазақ арасында әкімдердің рұқсатымен жәмғият ашып, жұрттан зекет,ғұшыр, підия, құрбан терісі һәм көңілді кісілердің берген жәрдемін бір орынға жинап, мектепті сонан құралған сомамен тәрбиелеу ниеттерінің барлығын, бірақ ондай жәмғиятты қалай ашудың мәнісін білмей һәм әкімнің рұқсат берер-бермесіне де көздері жетпей тұрғандығын айтушы еді.

Бұл пікір соңғы кезде көп жерге жайыла бастаса да, шындап лажына кіріскендер естілмеуші еді. Жаңада бізге мағлұм болды. Ақтөбе үйезі бірінші Бөрте ұлысының үшінші аулындағы талапты оқыған жастардың бастауы бойынша сол ауылда, жоғарыда айтылғандай, бір жәмғият ашуға бел байлап, устав түзеп, губернатордан рұқсат сұрауға қам қылысып жатыр екен. Егер бұлардың бұл ізгі ниеті жарыққа шығып, уставтары қолайлы табылып, һүкімет жағынан бекісе, бір өздерінен ғана емес, пайдасы бүтін қазаққа бірдей тиіп, зор өрнек болғалы тұр. Біз өзіміз тұсымыздан бұлардың талабын құттықтаймыз һәм рұқсат алғаннан кейін жәмғияттарының уставын тасқа басып, газетімізді алдырушыларға тегін таратуға уағда береміз.

Бірінші Бөрте ұлысында оқымысты, ұлт намысы бар саналы жігіттер, қамқор ақсақалдар барлығын бұрын да жазғанымыз бар еді. Егер мынау талаптарын іске айналдырып, көпке басшылық қылса, олардан күткен бұрынғы үміт, бұрынғы сенім тағы да артып, ұлт қызметі жолында қанат-құйрық болуына сүйенеміз.

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

"Үлгілі іс" мақаласынан

"Қазақ" газеті, 1914 жыл, №69

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.2-том. - Алматы, 2013 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар