Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

СҚО-дағы Міржақып Дулатұлының мемориалдық кешенін қиратуға әкімдіктің қатысы бар ма?

20:00, 27 қараша 2025 220

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Петровка ауылының маңында салынған Алаш қайраткерлеріне арналған мемориалдық кешен белгісіз адамдардың әрекеті салдарынан қирап қалған, деп жазады Alash.KZ сайты алаштанушы Заңғар Кәрімханның фейсбук парақшасындағы мәлімдемесіне сілтеме жасап. 

Мәліметтерге қарағанда, кешен жеке кәсіпкерлер мен Алаш зиялыларының ұрпақтарының қолдауымен тұрғызылған. Алаштанушы Заңғар Кәрімханның айтуынша, мемориал Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай дайындалған.

Оның сөзінше, инженерлік әрі сәулеттік талаптарға сай жасалған, биіктігі 28 метр болатын еңселі ескерткіш 27 қыркүйекте салтанатты түрде ашылуы керек болған. Алайда ұйымдастырушылар ашылу шарасына санаулы күн қалғанда кешеннің қирап қалғанын көрген.

Алаштанушының жазуынша, кешенді жасаған азаматтар ғимаратты бұзу жұмыстарына облыс әкімдігіне қарасты техникалар мен жұмысшылардың қатысы бар екенін айтады.

«Әкімдік жіберген техника қыран бейнелі композицияны, жарық шамдарын, мемориалдық тақтаны сындырып кеткен. Облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов пен орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың ұстанымына сәйкес, Алаш Орда көсемдеріне 28 метрлік ескерткіш орнатуға болмайды деген көзқарас болған сияқты», – деп жазды Заңғар Кәрімхан.

Ол облыс басшылығын кешенді қалпына келтіруге және Алаш арыстарына арналған ескерткіштің ашылуын лайықты деңгейде ұйымдастыруға шақырды.

«Бұл – тек Міржақыптың емес, бүкіл Алаш тұлғаларының рухына арналуы тиіс құрмет», – дейді Заңғар Кәрәмхан.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар