Киев Украинаның шығысындағы басып алынған аумақтарды Ресейге беруге мүлдем ниетті емес. Бұл туралы Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак The Atlantic басылымына берген сұхбатында мәлімдеп, мұндай қадамға ел Конституциясы тыйым салатынын атап өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Ермактың айтуынша, қазіргі жағдайда территориядан бас тарту туралы қандай да бір құжатқа қол қою мүмкін емес. Ол Владимир Зеленский президент болып тұрған кезеңде Киевтің Ресей оккупациялаған өңірлерді мойындауы күтілмейтінін қатаң жеткізді.
«Конституция бұл әрекетке тыйым салады. Бұған тек Украина Конституциясына және украин халқына қарсы шығуға дайын адам ғана бара алады», – деді ол.
Сұхбат барысында Ермак Украина талқылауға дайын жалғыз мәселе – соғысушы тараптар бақылауындағы аумақтарды бөліп тұрған жанасу сызығын анықтау екенін атап өтті.
«Қазір біз шынайы түрде талқылай алатын бір мәселе – жанасу сызығын белгілеу. Біздің міндет – осы», – деді ол.
Сол күні Ермак әлеуметтік желідегі парақшаларында АҚШ пен Украина делегациялары Женевада басталған, «Трамп жоспары» деп аталатын бастаманы талқылауды апта соңында жалғастыратынын хабарлады. Бұл ақпаратты Украина президенті Владимир Зеленский де өз видеоүндеуінде растады.
Оның айтуынша, Украина үшін басты басымдық – Қарулы күштердің позицияларын қорғау және алдыңғы шептегі қарсыласуды күшейту.