Белгілі әнші Қыдырәлі Болманов әлеуметтік желіде жаңа жазба жүктеп, Мөлдір Мұқанның продюсер ретіндегі үлкен экрандағы тұңғыш туындысына қатысты ойымен бөлісті, деп мәлімдейді, Alash.kz.
Әнші Мөлдірдің “Шәй в большом городе” деп аталатын жаңа фильмін тамашалап қайтқанын айтып, оған өзінің ізгі лебізін жолдады.
"Кеше Мөлдір ханымның ең алғашқы фильмін көріп, құтты болсын айтып, ақ тілегімізді арнап қайттық. Тұрсынбекті дара дарын ретінде өте құрметтеймін. Мөлдір болса – өзімнің туған қарындасымдай болып кеткен жан. Қай кезде барсақ та, ақ дастарханын жайып, кең жүрегімен аппақ ниетін төгіп тұратын осындай қарындасты қалай жақсы көрмейсің?.. "Шәй в большом городе" фильмін тамашаладық. Мөлдірдің тырнақалды туындысы өте сәтті шыққан. Кейіпкерлердің қалағаны орындалып, фильм жылы әсермен, көңілге қонымды, өкінішсіз аяқталады. Құрметті оқырман, отандық киноны қолдайық! Аллаға шүкір, өз киноиндустриямыз жыл өткен сайын дамып, өркендеп келеді. Аллаға сансыз мадақ болсын!" – деп жазды Қыдырәлі Болманов.