ҚР Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің әкесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қанат Айтбаев әлеуметтік желідегі парақшасында елдегі білім беру жүйесі мен қазақ тілінің мәртебесіне қатысты өзекті ойын ортаға салып, маңызды ұсыныс айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Қоғам қайраткері мектептердегі сабақ кестесінде ана тіліміздің атауын нақтылап, оның маңыздылығын жас ұрпақтың санасына тереңірек сіңіру қажеттігін баса айтты.
Қанат Айтбаев өз жазбасында: «Еліміздегі мектептердегі оқу кестесінде қазақ тілі сабағын жай ғана "қазақ тілі" демей "Қазақ тілі - мемлекеттік тіл сабағы" деп атаған жөн. Бұлай атау - мектеп қабырғасынан бастап қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігін, оның аса маңыздылығын күнделікті өскелең ұрпақтың санасына сіңіреді», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, ол оқулықтар мен күнделікті сабаққа немқұрайлы қарау мәселесіне тоқталып, бұл ұлттық мүддеге қайшы екенін жеткізді.
Ол өз ойын жалғастырып: «Кітаптың мұқабасында "Қазақ тілі" деп жазылған Мемлекеттік тіл сабағына немқұрайлы қараудың немесе жөнді қатыспай, нашар баға алудың қандай болатынын ойлап көріңіз? Бұл - мемлекетке, мемлекеттік тілге құрметсіздік және сауатсыздық болады емес пе? Қай бала ондай қатарда жүргісі келеді?» – деді.
Сондай-ақ автор мемлекеттік тілдің беделін көтеру үшін оны жоғары оқу орындарына түсу барысындағы негізгі пәндердің қатарына қосу керектігін ұсынды.
«Мемлекеттік тіл сабағынан тапсырылатын емтиханда қойылатын баға оқушының жоғары оқуға түсуі үшін қажетті ең маңызды көрсеткіштердің бірі болуға тиіс. Осы бағытпен жүрсек, әнұранды балабақша кезінен жаттап өскендей балалар мемлекеттік тілге де үлкен құрметпен қарауды үйренеді», – деп түйіндеді Қанат Айтбаев.