Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Мардымсыз жалақымызды да бермейді, жолға ақша таппай отырмыз". Семейдегі мұғалімдер министрлікке шағым білдірді

09:42, 19 желтоқсан 2025

Семей қаласындағы көлік колледжінің ұстаздары бірнеше ай бойы жалақысыз қалған. Жол ақысына қаражат таппай, жұмысқа шығу қиындағанын айтқан педагогтар оқу процесіне қажетті кеңсе тауарларын да өз қалтасынан сатып алуға мәжбүр екенін жеткізді. Бұл туралы Alash.kz Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мұғалімдердің айтуынша, жалақының кешіктірілуі күнкөріске тікелей әсер етіп отыр. Бағаның қымбаттағанына қарамастан, еңбекақының төмен әрі уақытында төленбеуі жағдайды одан сайын қиындатқан.

— Қағаз, қалам секілді керек-жарақтың бәрін өзіміз аламыз. Жалақымыз бір айдан екінші айға жетпейді, оның өзін бермей отыр, — дейді мұғалім Жанар Қаржаубаева.

Оқытушылар мемлекеттік оқу орнының қаржылық ахуалы күрделі екенін айтып, кей әріптестерінің жұмысқа деген ынтасы төмендегенін жасырмайды.

— Жалақы үнемі кешігеді. Бұл жолы мүлде созылып кетті. Несиеміз, баламыздың оқу ақысы бар, төлеуге мүмкіндік жоқ, — дейді мұғалім Жадыра Жұмаділова.

Айта кетейік, колледж студенттері де бірнеше айдан бері шәкіртақы алмаған. Білім басқармасының өкілдері бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, қарыз жақын күндері өтелетінін мәлімдеді.

— Шәкіртақы бойынша қараша-желтоқсан айларына қарыз бар. Қаражат мәслихат арқылы бөлінді. Ал еңбекақы 20 желтоқсанға дейін аударылады, — деді Абай облысы білім басқармасының бөлім маманы Аян Әлімғазиев.

Қазіргі таңда аталған колледжде 952 студент білім алып, жүзден астам қызметкер жұмыс істейді. Ұстаздар мемлекеттік қаржының жыл сайын кешіктірілуі білікті мамандардың азаюына және оқу сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар