Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мәмбет Қойгелдиев: Алаш қозғалысы – бұл қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы

23:31, 29 наурыз 2024 641

Біз соңғы уақытқа дейін Алаш қозғалысын басым түрде жалпы­империялық контексте талдауға алып келдік. Ал Алаш қозғалысы – бұл қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы. Алаш қозғалысы – бұл антиколониалдық, антиимпериалистік мазмұн және бағыт­тағы қозғалыс-тын. Мәселені осы, өзінің табиғи арнасында қарау, бізге ұлт өміріндегі большевизм идеясы мен прак­тикасын тура түсінуге жол ашпақ.

Алаштықтардың мұндай мазмұндағы ұстанымы осы мезгілде Азия және Латын Америкасында жүріп жатқан ұлт-азаттық қозғалыстардың бағдарламалық ұстанымымен толық үндес еді. Мәселен, Никарагуа (Латын Америкасы) ұлт-азаттық қозғалысының басшысы генерал Аугусто Сесар Сандино 1933 жылы ақпанда аргентиналық публицист Рамона де Белаустегигойтидің «сандинистерді коммунистік ұстанымдағыларға жатқы­зуға бола ма?» деген сауалына: «Біздің қозғалысты ұлттық мүддені қорғау арнасынан шығарып, оған таптық-әлеу­меттік мазмұн беру әрекеті бір емес, бірнеше мәрте жасалды. Мен бұған бар күш-жігеріммен қарсылық көр­сеттім. Біздің қозғалысымыз – ұлт­тық және антиимпериалистік мазмұн­дағы қозғалыс» деген тұрғыдан жа­уап береді.                                  

Кез келген ұлт-азаттық қозғалыстың көз­деген мақсаты – мемлекеттік тәуел­сіздікке, яғни ұлттың өзін-өзі билеу мүмкіндігіне қол жеткізу. 1917 жылы Қазан революциясы нәтижесінде билікке келген Кеңес өкіметі патшалық билік жағдайында отарлық езгіде азап шеккен қазақ халқына өзін өзі басқару мүмкіндігін беру міндетін күн тәртібінен алып тастап, оның орнына кеңестік, яғни таптық негіздегі билік жүйесін енгізді.

Тарихи тәжірибе көрсетіп бергеніндей, большевизм тарапынан ұлт өміріндегі кезекті де міндетті кезең – ұлттың өзін өзі басқарудың орнына таптық жіктелуді енгізу теориялық тұрғыдан қателік, ал өмірлік тәжірибе тұрғысынан ұлт өміріне жасалған қиянат еді. Қазақ қоғамына тура сол тарихи кезеңде таптық негізде жіктелу емес, өзін өзі ұлт ретінде сақтау үшін ұлттық тұтастық қажет еді.

Бұл тұрғыдан Ә.Бөкейхан бастаған қозғалыс басшылары теориялық тұрғыдан большевизмнен жоғары тұрды. Міне, осы жағдай бізге, біріншіден, осы уақытқа дейін «Алаш қозғалысы» аталып келген тарихи құбылысты қазақ ұлт-азат­тық қозғалысы, Алаш қозғалысына атсалыс­қан буынды қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері, ал осы буынның азапты ізденісі нәтижесінде өмірге келген Қазақ комитеттері мен Алашорда үкіметін қазақ мемлекеттігін жаңғырту әрекеті есебінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиев

"Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатынан

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар