Қарағандыда мүгедек ер мен әйелді 8 жыл бойы қайыр сұрауға мәжбүрлеген, деп хабарлайды ALASH.KZ Azattyq Rýhy. сайтына сілтеп.
1984 жылы туған Б. есімді адам 2015 жылы Қарағанды қ. «ЦУМ» сауда үйінің маңайында қайыр сұрап тұрған Л. мен М.-ны көріп, олармен танысқан. Қаскөй Л.-ның қол-аяғы жоғын пайдаланып, М. екеуін қорқытып, өзіне жұмыс істетуді бастайды.
Олардың табысын тартып алып, өз қажеттілігіне жұмсайды. 2020 жылы Б. ер мен әйелді Ақтас кентінде пәтерге орналастырады. Көп уақыт өтпей олардың баласы дүниеге келеді. Сол кезде Б. сәбиді тартып алып, әпкесіне асырауға беріп, ата-ана құқығынан айырамын деп қоқан-лоқы көрсету арқылы жәбірленушілерді бақылауда ұстаған. 2023 жылы полиция қызметкерлерімен Б.-ны басқа қылмыс бойынша күдікті ретінде ұстайды. Б. тергеу изоляторында отырғанына қарамастан, қылмыстық әрекетін жалғастырып, туыстары мен таныстарын: В., Г. және Х.-ны тартып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған.
Бұл топ жәбірленушілерді қайтадан қайыр сұратуға мәжбүрлеген. Жиналған ақша В-ның автокөлігінің ай сайынғы несиесін төлеуге, ұйымдасқан қылмыстық топтың және Б-ның әртүрлі қажеттіліктеріне жұмсалған.
«Олар 2015 жылдың қаңтарынан бастап 09.12.2023 ж. аралығында Б-ға күніне 20000-нан 40 000 теңгеге дейін беріп отырған», - деп хабарлайды сот.
Қылмыстық топтың мүшелері қалай жазаланды
Сот отырысында жәбірленушілердің, куәлардың айғақтары мен сараптама қорытындылары арқылы сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Прокурор Б.-ға 20 жыл, өзгелеріне 17 жылдан беру туралы жазалау шарасын сұраған.
Сот шешімімен:
- Б. – 17 жылға,
- В., Г. және Х. – әрқайсысы 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаза тағайындау кезінде Б.-ның қылмысты қайталап жасауы ауырлататын мән-жай деп танылды. Ал өзгелерге қатысты жас балаларының болуы – жеңілдететін фактор ретінде ескерілді.
Сонымен қатар сот жәбірленушілерге моральдық өтемақы өндіру туралы талаптарды ішінара қанағаттандырды. Атап айтқанда, Б. – 3 млн теңге, Г. мен Х. – әрқайсысы 2 млн теңге, ал В. – 1 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.