Тараз қаласында қызғаныш салдарынан таныс әйелін тұншықтырып өлтірген азаматқа қатысты сот үкімі кесілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Сотта белгілі болғандай, сұмдық жайт өткен жылы шаһардағы пәтерлердің бірінде орын алған. Екеуара ішімдік ішіп отырған сәтте әйелдің телефонына қоңырау соғылып, оның өз күйеуі екенін айтқаны азаматтың ызасын тудырған. Ашуға булыққан ол әйелді қылқындырып, оқиға орнында мерт қылды.
Қылмысын жасырмақ болған ер адам марқұмның құны 15 мың теңгелік ұялы телефонын жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Арада бірнеше сағат өткен соң саябақта тәртіп сақшыларына өзі барып, осы әрекетін мойындаған. Полиция қызметкерлері көрсетілген мекенжай бойынша барып, әйелдің өлі денесін тапты.
Cотталушыны адам өлтіру және ұрлық жасау баптары бойынша айыпты деп танып, оған қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Бұдан бөлек, сот оның әрекетінен қауіпті қылмыстың қайталану белгілерін анықтап, ішімдікке салынған ер адамды психобелсенді заттарға тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емдеуге міндеттеді.