Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Көзі көрмей, қолы жұмыс істемей қалған»: Атырауда 4 жасар баланы қағып кеткен жүргізушіге үкім шықты

17:45, 27 шілде 2026

Атыраудың «Авангард-2» шағынауданында төрт жасар баланы қағып, ауыр жарақаттаған Toyota Alphard жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz.

Қайғылы жағдай мамыр айында №3 үйдің ауласында орын алғанымен, оқиғаның мән-жайы сот шешімінен кейін ғана белгілі болды. 4 мамыр күні кешкісін велосипед теуіп жүрген бүлдіршінді соққан екпіннің қатты болғаны сондай, баланың жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер жүрек соғысын қайта калпына келтіргенімен, кішкентай зардап шегуші реанимация бөлімінде бір айға жуық комада жатқан.

Сот-медициналық сараптама нәтижесінде сәбидің ашық бассүйек-ми жарақатын алып, миы ауыр соғылғаны, бассүйек табаны сынғаны, мидың диффузиялық аксональды зақымдануы, қан құйылу, екі өкпенің соғылуы, ұйқыбезінің жарақаты және беті мен қолдарында көптеген жыртылған жаралар бар екені анықталды. Осы дене жарақаттарының бәрі денсаулыққа келтірілген ауыр зиян ретінде бағаланды.

Сот отырысында сөз алған баланың әкесі ұлының бір айдан соң есін жиғанын, бірақ апат салдарының тым ауыр болып отырғанын жеткізді.

 «Қазір ұлым көрмейді, қолы жұмыс істемейді, бетіне ота жасау қажет. Мәнісінде ол төсекте жатқан нәресте сияқты болып қалды», – деді зардап шегушінің әкесі.

Өз кезегінде жүргізуші кінәсін толықтай мойындап, аулаға кірген сәтте баланың көлік алдынан кенеттен шыға келгенін айтты. Ол соқтығысудан соң баланы ата-анасымен бірге облыстық балалар ауруханасына жеткізгенін алға тартты. Дегенмен автотехникалық сараптама жүргізушінің тежегішті уақытында шұғыл басқанда апаттың алдын алуға мүмкіндігі бар еді деген қорытынды шығарды.

Сот жол қозғалысы ережелерін бұзып, баланың денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін жүргізушіні айыпты деп тапты. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылды, сондай-ақ баланың әкесіне моральдық зиян ретінде 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Алайда ол Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты жазаны өтеуден босатылды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар