Қызылорда облысының Арал ауданында өз ұлын пышақтап өлтірген ер адам сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Облыстық прокуратура ұсынған деректерге сүйенсек, аталған қайғылы оқиға биылғы жылдың 4 шілдесінде орын алған. Сол күні отбасылық пәтерде әкесі мен ұлының арасында өзара келіспеушілік туындап, арты жанжалға ұласқан.
Төбелес барысында ер адам ашуға бой алдырып, ұлының кеуде тұсына, қолына және басына пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Алған ауыр дене жарақаттарының, соның ішінде жүрек қан тамырларының зақымдануы салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
Аталған қылмыстық істі қараған Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі («Кісі өлтіру») бойынша кінәлі деп танып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті.