Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Нәубет келгендей… Бес бала суицид жасаған…»: Жамбыл облысы тұрғындары дабыл қақты

17:34, 16 сәуір 2026

Жамбыл облысы Қаракемер ауылында соңғы айларда жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары жиілеп кетті. Жақында ғана тағы екі мектеп оқушысының мәйіті табылып, бұл жағдай жергілікті халықтың үрейін туғызып отыр, деп жазады Alash.kz. 

Тұрғындардың айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айынан бері бес бала бақилық болса, тағы екі жасөспірімді ажалдан арашалап қалу мүмкін болған. Қазіргі уақытта құзырлы органдар бұл оқиғалардың себеп-салдарына қатысты тексеру амалдарын бастады.

Қаралы оқиғаның соңғы құрбандары – жергілікті мектептің 9-сыныбында оқыған екі дос. Олар өлім алдында әлеуметтік желідегі парақшаларына қоштасу сипатындағы сурет жүктеп үлгерген. Кейінірек екеуінің денесі қора ішінен табылған. Ауыл тұрғындары бұл тізбекті кездейсоқтық емес, үлкен қауіптің белгісі деп есептейді.

Ауыл тұрғыны NEGE редакциясына берген сұхбатында жағдайдың тым қиындап кеткенін былай деп жеткізді:

«Желтоқсаннан бері ауылымызға бір нәубет келгендей болды. Алдымен тоғызыншы сынып оқушысы, кейін жетінші сынып оқушысы асылып қалды. Бұл оқиғалардан ес жиып үлгермей жатып, тоғызыншы сыныптан кейін колледжге түскен жасөспірімнің өлімі туралы қаралы хабар жетті. Соңғы екі жағдайды есепке алсақ, барлығы бес бала болды».

Қазіргі таңда Қаракемердегі ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін қатты алаңдаулы. Олар мәселені шешуге психологтар мен дін өкілдерін тартып, түрлі алдын алу шараларын жүргізуге тырысуда. Десе де, тұрғындар бұл мәселенің түпкі себебін анықтау үшін мемлекет тарапынан кешенді тексеру мен көмек қажет екенін айтады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар