Ресейде кейінгі жылда ішінде алкоголизмге шалдығу көрсеткіші айтарлықтай өскен, деп хабарлайды Alash.kz.
«Важные истории» басылымының жазуынша, Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы алғаш рет алкоголизм немесе алкогольдік психоз диагнозы қойылғандар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 56,9 адамға жеткен. Бұл - 2016 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Бұған дейін бұл көрсеткіш төмендеп келген. Алайда 2021 жылы пандемиядан кейін медициналық көмекке кеш жүгінумен байланысты 15%-ға артқан. Ал 2025 жылы өсім бір жыл ішінде 30%-ды құрап, бақылау тарихындағы ең жоғары қарқын ретінде тіркелді.
Аталған өсім Ресейдің 69 өңірінде байқалған. Көрсеткіш бойынша Чукотка бірінші орында тұрса, Пермь өлкесі екінші орынға шыққан.
Сонымен қатар елде психикалық аурулар саны да артқан. 2025 жылы мұндай диагноз алғаш рет 100 мың тұрғынға шаққанда 328 адамға қойылып, соңғы 14 жылдағы рекордтық деңгейге жеткен.
Психикалық дерттер ең көп тіркелген өңірлер қатарында Карелия, Архангельск облысы және Алтай өлкесі бар.