Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді, деп жазады Alash.kz.
44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз Айым Серікбаева жарыс жеңімпазы атанып, алтын медаль иеленді. Бұл жеңіс отандық таеквондо мектебі үшін соңғы жиырма жылдағы алғашқы жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді.
Айым Серікбаева шешуші кезеңде мексикалық спортшы Понсе Нуньес Дара Ширлимен кездесіп, қарсыласын 2:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Финалдық жекпе-жекте қазақстандық спортшы шеберлігі мен тактикалық дайындығының жоғары екенін дәлелдеп, әлемнің ең үздік жас таеквондошысы екенін көрсетті.
Айта кететін маңызды жайт, бұл алтын медаль Қазақстанның жастар құрамасы үшін соңғы екі онжылдықтағы алғашқы табыс болып табылады. Мұндай деңгейдегі соңғы жоғары марапат осыдан 20 жыл бұрын, атап айтқанда 2006 жылы жеңіп алынған болатын.