Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жасанды интеллект ғасыры»: TEO CUP XV турнирінің жеңімпаздары анықталды

19:20, 16 сәуір 2026

Алматыдағы Нархоз университетінде еліміздің ең ауқымды интеллектуалды додаларының бірі — TEO CUP XV республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Alash.kz. 

Биылғы жарыс жасанды интеллект дәуіріндегі ұлттық даму бағыттарына арналып, 2026 жылы атап өтілетін «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» қарсаңында ерекше өзектілікке ие болды. Екі күнге созылған ауқымды шараға еліміздің тоғыз өңірінен 700-ге жуық адам жиналып, заманауи технологиялардың еңбек нарығы мен деректер қауіпсіздігіне әсерін жан-жақты сараптады.

Турнирдің мазмұндық құрылымы өте күрделі әрі әртүрлі болды. Қатысушылар БПФ, АПФ және Линкольн-Дуглас сынды бірнеше халықаралық пікірсайыс форматтарында бақ сынап, өздерінің шешендік шеберліктері мен сыни ойлау қабілеттерін ортаға салды. Жалпы алғанда, додаға 136 фракция қатысты, оның ішінде студенттермен қатар мектеп оқушылары да белсенділік танытты. Атап айтқанда, студенттік лигада 72 команда, ал мектеп лигасы аясында 64 команда интеллектуалды бәсекеге түсті.

Интеллектуалды алаңның маңыздылығы мен ұйымдастырылу барысы туралы ТЭО ЖПМ президенті Сұлтан Қазбекби былай деп мәлімдеді:

 «TEO CUP — республикадағы ең ірі пікірсайыс турнирлерінің бірі. Біз бұл турнирге бір ай бұрын дайындықты бастап, демеушілер мен серіктестерді тартып, жастар үшін сапалы интеллектуалды алаң қалыптастыруды мақсат еттік. Биылғы турнир жоғары деңгейде өтіп, пікірсайыстың жастардың сыни ойлау қабілетін дамытудағы маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді».

Жарыс қорытындысы бойынша студенттік лиганың Альфа тобында «#sdugreatagain» командасы үздік шығып, 300 мың теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді. Бетта лигасында «Қаған» фракциясы топ жарып, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал мектеп лигасының жеңімпаздары — Бахит Аймен мен Орынбаев Рамазанға Нархоз университетінде 4 жыл бойы тегін оқуға мүмкіндік беретін білім гранттары табысталды. Сонымен қатар, Махаббат Алипчеева мен Алтынай Сапабек өз лигаларында «Ең үздік спикер» атанып, арнайы жүлделерге ие болды.

Он бес жылдық тарихы бар бұл жобаның сәтті өтуіне Нархоз университетімен қатар Alikhan company, Rice group және Qulpynai секілді бірқатар ірі серіктестер қолдау білдірді. Мектеп оқушыларына берілген білім гранттары мен студенттерге арналған қомақты ақшалай сыйлықтар еліміздегі пікірсайыс қозғалысының беделі мен дарынды жастарға деген қолдаудың жоғары екенін көрсетті. Турнир жастардың көшбасшылық қасиеттерін шыңдап, болашаққа бағытталған интеллектуалды алаң ретінде тарихқа енді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар