Қазақ жастары қазақтың алып үш биін “тірілтті”, деп хабарлайды Alash.kz.
Әлеуметтік желіде қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын ұлы тұлғаларымыздың бейнесін жасанды интеллект арқылы қайта жаңғыртатын қазақтың білікті жастары бар.
Lucky.weekdays аккаунтымен танымал маман бүгін қазақтың үш биінің бейнесін жасап шығарды. Ол өз жазбасында:
Біз @babekzh_ai екеуіміз үш қазақ биінің портреттерін сипаттамалар мен суретшілердің еңбектеріне сүйене отырып қайта жасадық. Олардың шынайы бейнесі бізге жетпесе де, осы суреттер арқылы олар сол заманда қалай көрінгенін елестете аламыз”,- деді.
Қазыбек би Келдібекұлы (1667-1764) – қазақтың атақты шешені, кемеңгер биі, мемлекет қайраткері. Ол Тәуке, Абылай хандардың тұсында маңызды саяси істерге араласып, қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан.
Қазыбек би «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысып, әділдігімен, тапқырлығымен ел ішінде ерекше құрметке ие болды. Ол Орта жүздің бас биі болып, қазақ пен жоңғар, қазақ пен Ресей арасындағы елшілік келіссөздерде шешендігімен танылған.
Халық арасында оның батыл, өткір сөздері мен әділ биліктері аңыз болып сақталған. Қазыбек бидің «Қазақ деген мал баққан елміз…» деп басталатын жоңғар ханына айтқан сөзі қазақтың ұлттық рухының белгісі ретінде белгілі.
Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700) – қазақтың атақты биі, шешен, мемлекет қайраткері. Ол Кіші жүздің бас биі болып, Тәуке хан тұсында қазақтың бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосты.
Әйтеке би «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысып, әділдігімен және көрегендігімен танылған. Ол қазақ пен басқа халықтар арасындағы дипломатиялық қатынастарда маңызды рөл атқарып, ел ішіндегі дауларды шешуде ерекше шешендігімен көзге түсті.
Оның әділдікке негізделген биліктері мен нақыл сөздері халық жадында сақталып, бүгінге дейін ұрпаққа өнеге болып келеді.
Төле би Әлібекұлы (1663-1756) – қазақтың атақты биі, шешен, мемлекет қайраткері. Ұлы жүздің бас биі ретінде ел бірлігін нығайтуға, әділ билік жүргізуге және қазақтың дәстүрлі құқықтық жүйесін дамытуға зор үлес қосты.
Төле би Тәуке ханның кеңесшісі болып, «Жеті жарғы» заңдар жинағын әзірлеуге атсалысқан. Ол қазақ пен жоңғар, қазақ пен қырғыз арасындағы бейбіт келісімдерде маңызды рөл атқарып, татулық пен ынтымаққа шақырған дана тұлға ретінде танымал.
Тарихта оның тапқыр, әділ шешімдері мен шешендік сөздері сақталған. Төле бидің әділ билігі мен даналығы қазақ халқының рухани мұрасының маңызды бөлігі болып табылады.
Оқи отырыңыздар: Жасанды интеллект Алаш қайраткерлерін жаңғыртты.