Ақтау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде орын алған өрт кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматты құтқарудың жаңа мән-жайлары белгілі болды, деп жазады Alash.kz.
Lada.kz басылымының хабарлауынша, полиция мен құтқару қызметі келгенге дейін жанып жатқан пәтерге бірінші болып Ақтөре Пералиев есімді қала тұрғыны кіріп, зардап шегушіні сыртқа алып шыққан.
Оқиға 7-сінен 8-іне қараған түні 4-шағынаудандағы №50 үйдің пәтерлерінің бірінде болған. Өз көршісін құтқарған Ақтөре Пералиев болған жағдайды былай деп баяндады: «Менің көршім Игорь – мүмкіндігі шектеулі жан, оның бір аяғы жоқ. Мен жай ғана құтқарушылардың келуін күте алмай, жанып жатқан пәтерге ұмтылдым. Керек уақытында тиісті жерден табыла білдім. Көршімді сыртқа алып шыққанда, ол ес-түссіз жатқан еді. Жедел жәрдем келгенге дейін оған алғашқы дәрігерге дейінгі көмекті көрсеттім».
Зардап шегуші пәтерден шығарылғаннан кейін ғана оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жеткен. Құтқарушының экстремалды жағдайда жылдам әрі сауатты әрекет етуіне оның кәсіби тәжірибесі көмектескен. Ақтөре Пералиев бұған дейін алты жыл бойы құтқару қызметінде жұмыс істеген болып шықты. Қазіргі уақытта ол шаштараз маманы болып еңбек етеді және отбасында екі бала тәрбиелеп отыр.
Төтенше жағдай кезінде подъезден 30 тұрғын, соның ішінде 10 бала өз бетінше эвакуацияланған. Өртті сөндіруге ведомствоның 14 қызметкері мен төрт арнайы техникасы жұмылдырылды. Бастапқы ресми хабарламаларда мүмкіндігі шектеулі азаматты полиция қызметкерлері құтқарғаны айтылған болатын, алайда куәгерлер мен тікелей қатысушының сөзі бұл ақпаратты нақтылады. Қазіргі уақытта зардап шеккен тұрғынның денсаулық жағдайы дәрігерлердің бақылауында.