Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жамбыл облысында әкімдік қызметкерлері 135 мың гектар жер туралы жалған есеп берген

21:29, 05 қазан 2024 467

Жамбыл облысында жайылым жер жетпей жатқанда әкімдік қызметкерлері 135 мың гектар аумақты тек қағаз жүзінде игеріп келген. Яғни "Осы алқаптарды шаруалар пайдаланып жатыр, егін егіп, мал өсіруде" деп жыл сайын жалған есеп беріп келген. Мұны прокуратура өкілдері жуырда ғана анықтаған, – деп хабарлайды Alash.KZ Аlmaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Жамбыл облысында 164 мың гектар жайылым жер жетіспейді. Елді мекен тұрғындары төрт түлігін ауласынан ары асыра алмай, жаяр жер таппай жүр. Сондықтан ауыл әкімдері ірі жер иеленушілерінің алдына барып, жайылымға жарар жер сұрауға мәжбүр. Мәселен, Байзақ ауданындағы Сазтерек ауылдық округінің тұрғындары жердің жоқтығынан мал басын көбейте алмай отыр.

"Мал басына шағатын болсақ, бізге әлі 1 567 гектар жер қажеттілігі туындайды. Бірақ ондай жерді табу, әрине, мүмкін болмаған жағдайда біз мал бордақылау алаңдарын соғып, жерді шаруа қожалықтарымен бірлесіп пайдаланамыз. Сондай-ақ егісті жинап алғаннан кейін мал жайып, тығырықтан шығу жолдарын қарастырамыз", – деді Сазтерек ауылдық округінің әкімі Жұмабек Шайхиев.

Өңірде кейінгі сегіз жылда 135 мың гектар алқаптың пайдаланылмағаны белгілі болды. Ал аймақтағы агросала мамандары статистикасын түзеу үшін жылдар бойы осылайша жалған ақпарат беріп келген екен.

"135 мың гектар жыл сайын тек таза қағаз жүзінде, статистика үшін ғана егіліп отырған. Оны қолданбаса, бірінші жылы ескерту береді, екінші жылы ол жерді "тартып алады". Бір жағынан сол көрсеткіштерді жабу, екінші жағынан өңірге, өсімдік шаруашылығына түсетін өнімді соның есебінен жабу болып тұр", – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаев.

Қағаз жүзінде игерілген жердің барлығы мемлекет меншігіне қайтарылды. Оған қоса соңғы 6 айда пайдаланылмай жатқан 100 мың гектарға жуықтайтын 550 га телім мемлекет мұқтаждығына алынды. Ал жауапты әкімдік қызметкерлері әккі әрекеті үшін жауапқа тартылды.

"230 мың гектар, 1 300-ге жуық ауыл шаруашылық жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, яғни 28 лауазымды тұлға әртүрлі тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылды", – деді облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Мақсат Ақынбек.

Заң нормасы бойынша игерілмеген жер үшін иесі 20 есе көп салық төлейді. Сондықтан кейінгі кезде мемлекет меншігіне алынған алқаптардың 70%-ының иелері телімдерді өз еркімен қайтара бастаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар