Ақтөбеде өткен жылы анасын пышақтап өлтірді деп айыпталған 16 жастағы мектеп оқушысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды, деп жазады Alash.KZ.
Қайғылы жағдай 2025 жылғы 2 желтоқсанда болған.
Сотта айтылған мәліметке сәйкес, жасөспірім сол түні анасымен сөйлеспек болған. Алайда олардың әңгімесі барысында жанжал туындаған. Жасөспірім анасының өзі үшін таңдаған бейіндік пәндеріне, атап айтқанда химия мен биологияны тереңдетіп оқуға қарсы болған. Кикілжің соңы қайғылы жағдайға ұласып, жасөспірім анасына пышақ жарақатын салған. Әйел алған жарақатынан көз жұмған.
Сот материалдарына сәйкес, оқушы биыл көктемде 11-сыныпты аяқтауы тиіс болған. Алайда қайғылы оқиғадан кейін ол арнайы медициналық мекемеде болды.
Жасөспірімге созылмалы шизофрения диагнозы ресми түрде қойылған.
Оқиғаға дейін ол түрлі интеллектуалдық сайыстарға қатысып, кейін жекеменшік мектепке ауысқан. Бұл оқу орнында химия мен биологияны қоса алғанда, бірқатар пәнді тереңдетіп оқыған.
Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде жасөспірімнің әжесі танылған. 73 жастағы әйел де сол түні жарақат алған, бірақ тірі қалған.
Сот отырысына айыпталушының әкесі де қатысты. Туыстарының айтуынша, бұған дейін жасөспірімнің мінез-құлқынан күдік туғызатындай ерекше өзгеріс байқалмаған.
Олар болған жағдайға қарамастан, оны өз баласы әрі немересі ретінде жақсы көретіндерін жеткізді.
Айыпталушы – отбасындағы үлкен бала. Сот отырысына оның інісі де келген. Алайда арнайы мекемеде отырған ағасымен кездесуге мүмкіндік болмаған.
Сот залында жасөспірімнің туыстары көздеріне жас алып, болған жағдайды ауыр қабылдағаны байқалды.
Келесі сот отырысы 3 қыркүйекке белгіленді.