Танымал шоумен Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы Мөлдір Мұқан отбасындағы үш бірдей қуанышты жағдайды бір уақытта біріктіріп, дүркіретіп үлкен мерекелік кеш өткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі бұл салтанатты шараны үлкен қызы Әдемінің жоғары оқу орнын аяқтап, қолға диплом алуына, екінші қызы Айымның алтын ұя мектебімен қоштасуына және кенже ұлы Райымбектің сүндет тойына орай арнайы ұйымдастырған. Осы айтулы мейрам аясында Мөлдір Мұқан өзінің тұңғыш перзенті Әдеміге су жаңа Audi A7 маркалы қымбат темір тұлпарды тарту етіп, ерекше тосынсый жасады. Көпшілік алдында ақжарма тілегін ақтарған ана қызының тәрбиесі мен зеректігіне ризашылығын білдіріп, шетелдегі оқуын сәтті тәмамдағанын мақтанышпен жеткізді.
Мерекелік ақ дастарқан басында ағынан жарылған Мөлдір Мұқан өзінің жүрекжарды сөздерін былай деп өрбітті:
«Ата-анаң үшін біз ойлағаннан да асып түсетін нәрселер жасап жатырсың. Қатты жақсы көремін мен сені. Кеше диплом алып келуге Дубайға бардық. Қазақстанда өзінше болып жүрем ғой, бәрін өзім шешіп. Ал Дубайда сүмірейіп қаламын. Әдемі деген бәрін өзі шешіп жүр. Мен қандай қыз дүниеге әкелгенмін дедім. Алла Тағалаға шүкір айтамын. Алла Тағала осы 5 баланы берген, дүниеге әкелген ең бақытты анамын! Ешқашан ананы алып бер, мынаны алып бер деп айтқан емес. Шай ішіп отырғанда көлік мінгім келеді деп айтып қалды. Мен қалай байқамағанмын дедім… Содан, көп ұзамай, бардым. Таза, өз еңбегіммен Audi A7».