Бүгін, 5 наурыз - қазақты өз алдына дербес ел қыламын деп ұлт мүддесі жолында азаттықтың ақ таңы үшін қасық қаны қалғанша күресіп өткен Алаш қайраткері, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. Alash.kz ұлттық порталы назарларыңызға Алаш арысы туралы замандастарының естеліктерін ұсынады:
ДОСЫМА ХАТ
Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Көк етті, көн терілі, көніп қалған,
Сықса да шыдай беру, жұрт жарылмай.Кім біліп, Ер еңбегін сезіп жатыр,
Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.Сынайтын жақсы менен жаманды өлшеп,
Құлдықтың қолдарында кезі жатыр.
Кешегі кеңшілікте керек қылған,
Бостандық болмаған соң, безіп жатыр.Айтқанмен таусыла ма оны-мұны,
Талайдың таңдамалы түпкі сыры:
Жанасқан шын көңілмен жақындық аз
Көбінің іші салқын, сырты-ақ жылы.Ақшаға абыройын, арын сатып,
Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.
Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма
Жаны мал, жақыны мал, малдың құлы?!Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
«ҚАЙТКЕНДЕ АЛАШ КӨРКЕЙЕР ДЕГЕН ОЙДАН БАСҚА ОЙДЫ ӨМІРІНДЕ МАЛДАНБАҒАН»
- Ол елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кері кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын «бақ жұлдызына» көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, «қайткенде алаш көркейер» деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан еді.
Сұлтанмахмұт ТОРАЙҒЫР
«ТЕРЕҢ ДАРИЯ МҰХИТТАЙ БІЛІМДІ ҒАЛЫМ БОЛАТЫН»
- Ол кісі Петроград университетінің орман-ағаш факультетін тамамдаған. Заң факультетіне Ленинмен бірге экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай білімді ғалым болатын. Тоғыз тілде еркін сөйлеп, жаза білетін. Біздің ақыл – ойымыз Тоқырауын өзеніндей болса, Әлихан Бөкейханов – Балқаш көліндей дария еді ғой!
Әлімхан ӘБЕУҰЛЫ
«ҚАЗАҚ ҮШІН ӨМІРІН, БІЛІМІН ЖҰМСАҒАН БІРІНШІ ДЕРЛІК ЖАН БАСШЫМЫЗ»
- Заманымызға қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшымыз – Әлихан Бөкейханов.
Міржақып ДУЛАТҰЛЫ
«СҰСТЫ, МЫСЫ БАСЫМ АДАМ. БЕТІНЕ ҚАРАП СӨЙЛЕУГЕ БАТЫЛЫМ ЖЕТПЕЙТІН»
- Бөкейханов – бұлардың көсемі. Ол өзі – сондай сұсты, мысы басым адам. Ленинградтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбігермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатынмын. Ал Смағұл біз үйленген жылдары ақша жіберіп тұратын.Валентина ӘУЕЗОВА
«ӘКЕМНІҢ МЫСЫ КЕЗ-КЕЛГЕН АДАМДЫ БАСЫП ТҰРУШЫ ЕДІ»
- Әкемнің мысы кез-келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұл Мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», - деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?» - деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» - деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы» - деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таң қалдым. Әкемнің салауаты оларды еш оғаш қылық көрсетуге мүкіндік бермеді.
Лиза Әлиханқызы БӨКЕЙХАНОВА
«ӘЛИХАННЫҢ ҚОНЫС АУДАРМАЙ ҚАЛУЫ ДА - ЕЛІН СҮЙГЕНДІККЕ ДӘЛЕЛ»
- Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды, бұл топты баулыған - Әлихан. Оның қазаққа істеген тарихи қызметі әдеби тіл тууына себеп болды. Өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды.
Расында Әлихан саяси іске езілген елі үшін амалсыздан кірді. Ұлтын өте сүйген жүрегі, біраз жылдар Әлиханның тума пікіріне қарсы жолдарға да түсірді. Басқа жұрттардың басшылары тырым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елін сүйгендікке дәлел.
Қошмұхаммед КЕМЕҢГЕРҰЛЫ
«ОЛ - ҚАЗАҚ ТҰРМЫСЫНЫҢ НАҒЫЗ ӘМБЕБАП ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ. ЕШҚАНДАЙ КІТАП ОНЫ АЛМАСТЫРА АЛМАЙДЫ»
- Егер де әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол – қазақ даласының асқан білгірі. Оны тиімді пайдалана білу керек. Ол алдағы уақытта да техникалық қызметкер ретінде жүріп те ықпал жасауы мүмкін, бірақ та ол жергілікті жердің жағдайын тез аңғарады, сонысымен де үлкен көмек көрсетеді. Ол – қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны алмастыра алмайды.
Виктор РАДУС-ЗЕНЬКОВИЧ