Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Экібастұзды сорлатқан Клебановтың Назарбаевтармен қандай байланысы бар?

11:13, 30 қараша 2022 248
Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы кешеден бері қақаған аязда жылусыз отыр. 27 қарашаның түнінде жылу электр орталығында апат болып, үш қазандықтың істен шыққаны хабарланды.

«Сағат 01:30-да желілік суды көп тұтынуға байланысты №13, 14, 15 қазандық агрегаттары тоқтап қалды. Қазіргі уақытта №8 және №14 қазандық қондырғылары іске қосылуда. Жөндеу бригадалары ұйымдастырылды. Жақын арада параметрлер қалпына келтіріледі», - деп хабарлаған болатын жылу электр орталығы.

Бірақ жағдай ушыққан соң өңірде облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды. Екібастұздың білім нысандары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Балабақшалар жұмысын тоқтатты.

«Қалада эвакуациямен 123 адам Павлодар қаласына көшірілді. Емдеу мекемелерінде температура санитарлық нормаға сай, қалалық ауруханада 269 пациент (оның ішінде 92 бала), ал перзентханада 37 пациет (оның ішінде 19 бала) бар. Шұғыл көмек уақтылы көрсетіледі. Температура режимі сағат сайын бақыланады. Авариялық жөндеу жұмысына 138 адам және 35 техника жұмылдырылды. Күннің бірінші жартысында 20 көппәтерлі тұрғын үйге қатысты мәселені толық шешу жоспарланған», - делінген әкімдік хабарламасында.

28 қарашада қалада төтенше жағдай жарияланды. Ведомство мәліметінше, 17 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды нысан әлі де жылусыз отыр.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді.

«Сондай-ақ Премьер-Министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр. Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған Президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайды», - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазіргі уақытта ҚР Үкіметі мен Бас прокуратураның бірқатар ЖЭО-ны мемлекет меншігіне қайтару бойынша алдын ала жұмыс жүргізіп жатқаны хабарланды.

«Екібастұздағы жағдайға қатысты. Жексенбі, 27 қарашада, жылу желілеріндегі желілік суды көп тұтынуға байланысты қалалық ЖЭО-да қазандық агрегаттары тоқтады. Оқиға салдарын жою бойынша шұғыл түрде штаб құрылды, апаттық-қалпына келтіру жұмыстары басталып, жедел желі ашылды.

28 қараша, сағат 11:00-дегі жағдай бойынша ЖЭО-да 6 қазандық жұмыс істеп тұр. 129 көпқабатты және 114 жеке үйді, 11 әлеуметтік нысанды жылумен жабдықтау қалпына келтірілді.

Проблемалық энергетикалық нысандардың қызметі мәселелері бойынша жұмыс осы жылдың наурыз айында құрылған Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия шеңберінде де жалғасатын болады», - деп жазылған Үкімет сайтында.

Жергілікті тұрғындар апаттың болуына себепкер: Биліктің мәселеге жүрдім-бардым көңіл бөлуінен екенін айтады. ЖЭО-на толықтай жөндеу жұмысы жүргізілу керектігіне қарамастан, басшылық өкілдері мәселеге мән бермеген. Қыстың аязды күндерінде ЖЭО-да үлкен апат болуы мүмкін екені жазда хабарланған болатын.

Бұл Қазақстандық олигарх Александр Клебановтың меншігіндегі Екібастұз ЖЭО-да болып тұрған екінші апатты оқиға.

Екібастұз ТЭЦ-іне қожалық етіп отырған адам – Александр Клебанов деген терең қалталы, дөңшеке олигарх. Екібастұз ЖЭО-ын «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС басқарады. Бұл ЖШС «Павлодарэнерго» АҚ-ның еншілес құрылымы. Ал «Павлодарэнерго» Клебановқа тиесілі «ЦАТЭК» АҚ-ның құрамына кіреді.

Биыл 20 наурызда «Петропавл» ЖЭО-2-де үш мұржаның біреуі құлап, қызметкерлерінің бірі үйінділерді астында қалып, қаза тапты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. 16 маусымда «Петропавл «ЖЭО-2 жұмысын қалыпқа келтіру үшін 17, 5 млрд. теңге жұмсалатыны айтылды.

11 тамызда «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС жылу электр орталықтары мен Екібастұздың жылу желілері жұмысын қамтамасыз ете алмайтынын мәлімдеген. Клебановтың басқаруындағы Екібастұз жылу желілерінің 70 пайыздан астамы әбден тозған.

Айта кетейік, Александр Клебанов – Қазақстанның ең бай 50 кәсіпкерінің қатарына кіреді. 2022 жылдың көктемінде оның байлығы 580 миллион долларға жеткен. Қазіргі теңге бағамы бойынша 270 миллиард теңге. Клебановтың экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевтың отбасымен тығыз қарым-қатынаста екені айтылып жүр. Оның Болат Назарбаевтың сенімді өкілі екені айтылады.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар