Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Егемендік хронологиясы” - Тәуелсіз күнге қалай жеттік?

08:54, 16 желтоқсан 2025

Тәуелсіздік - қазақ халқы үшін ең қастерлі ұғым. Азаттықтың ақ таңы бізге қалай атты? Алып Одақтан қалай егемендігімізді алдық? 

КСРО өмірінің соңғы кезеңінде одақтас республикалар арасында саяси дербестікке ұмтылыс күшейді. «Егемендік шеруі» деп аталған бұл үдеріс алдымен Балтық жағалауы елдерінен басталып, кейін басқа республикаларға тарады.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы» декларацияны бекітті. Құжатта республиканың аумағындағы билік пен ресурстарға басым құқық берілді. Алайда түбегейлі шешімдер одақтық орталықпен келісуді талап етті. Бұл кезең Қазақстан үшін толық тәуелсіздікке дейінгі өтпелі саты болды.

1991 жылы КСРО ыдырай бастағанда көптеген республикалар дербестігін жариялауға жедел кірісті. Қазақстан бұл мәселе бойынша байыпты ұстанымда болды. Ел ішінде этнодемографиялық ахуал күрделі еді, қазақ халқы саны жағынан басымдыққа ие болмады. Сонымен қатар, одақтан кейінгі кеңістікте жаңа бірлестік құру идеясы да күн тәртібінде тұрған. Осы факторлар тәуелсіздік жөніндегі шешімді кейінге шегеруге әсер етті.

Ақыры 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі мемлекеттің тәуелсіздігін заң жүзінде бекітті.

Мемлекеттік басқару жүйесі бұған дейін қалыптаса бастаған еді. 1990 жылғы 24 сәуірде президент институты енгізіліп, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР президенті болып сайланды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен алғашқы жалпыхалықтық сайлауда ол басым дауыспен жеңіске жетті. Сайлау бюллетенінде «қарсы» деген таңдау да көрсетіліп, оны жүз мыңнан астам азамат белгіледі.

1991 жылғы 10 желтоқсанда республиканың атауы ресми түрде «Қазақстан Республикасы» болып өзгертілді. Ал арада алты күн өткен соң елдің мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. 1992 жылдың 7 мамырында ұлттық Қарулы күштер құрылып, мемлекеттің қорғаныс негізі қаланды.

Сол жылы 4 маусымда Ту мен Елтаңба бекітілді. Мемлекеттік рәміздерді таңдауға арналған конкурсқа мың жарымнан астам жоба ұсынылған. Нәтижесінде Тудың авторы Шәкен Ниязбеков, ал Елтаңбаның авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов болып танылды.

1992 жылғы 11 желтоқсанда Әнұранның мәтіні қабылданып, бұрынғы гимннің музыкасы сақталды. Оның авторлары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди. Кейін, 2006 жылы, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні жаңа Әнұран ретінде бекітіліп, мәтініне аздаған түзетулер енгізілді.

1993 жылғы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. Бұл құжатта парламенттің рөлі күшейтіліп, президент пен сот билігінің өкілеттіктері шектелді. Мемлекет басшысы Жоғарғы кеңес алдында есеп беруге міндетті болды. Алайда бұл модель ұзаққа созылмады.

Экономикалық реформалар төңірегіндегі келіспеушіліктер салдарынан жергілікті кеңестер мен Жоғарғы кеңес таратылды. 1994 жылы сайланған жаңа парламент те бір жылдан кейін өз жұмысын тоқтатты.

1995 жылғы 29 сәуірде президент өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өтті. Ал сол жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жаңа Конституция қабылданып, Қазақстанның қазіргі саяси-құқықтық жүйесінің негізі бекіді. Кейін Ата заңға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар