Атырау қаласындағы №15 түзету мекемесінің аумағына дрон арқылы заңсыз сәлемдеме жеткізу әрекетінің жолы кесілді. Белгісіз тұлғалар ұшқышсыз ұшу аппаратын қолдану арқылы колонияға күдікті орамаларды тастауды көздеген, деп хабарлайды Alash.kz.
Заңсыз жүк мекемеден шамамен 1,5 шақырым жерде байқалған. Ішкі істер органдары мен мекеме қызметкерлері жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде тығыз картонға салынып, скотчпен мұқият оралған үш жеке пакет табылып, тәркіленді. Тәркіленген орамаларды ашу кезінде ішінен ұялы байланысқа арналған үш телефон шықты.
Қазiргi таңда аталған дерек бойынша жедел-тексеру шаралары жүргізілуде. Құзырлы орган мамандары заңсыз сәлемдемені дрон арқылы жөнелткен тұлғаларды және бұл заттардың колония ішіндегі нақты қай сотталғанға арналғанын анықтау үстінде.