Ақтауда құлаған ұшақта қаза тапқан екі қазақстандық дос әрі әріптес болған екен, деп хабарлайды ALASH.kz сайты tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаза тапқан қазақстандықтың бірі 39 жастағы Бауыржан Жұмағұлов, ол «ӨзенМұнайСервис» компаниясында бұрғылау қондырғысы көмекшісі болып жұмыс істеген.
«Ол кез келген тапсырманы терең түсіністікпен және мұқият орындайтын, еңбекқорлығы мен табандылығымен ерекшеленді. Бауыржан адал, әділ және жомарт жан еді. Оның достыққа беріктігі, жақындарына қамқорлығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі мәңгі есте қалады. Ізгілікке ұмтылған, адамгершілік құндылықтарды құрметтеген осындай ардақты жанның жарқын бейнесі оны таныған адамдардың жүрегінде мәңгі сақталады», – деді компания өкілдері.
Ал екіншісі 36 жастағы Сандибек Түлесинов «МұнайФилдСервис» компаниясында механикалық-энергетикалық бөлімнің инженері болып жұмыс істеген.
Инженер көтергіш құрылғылардың жұмысын қадағалаған. Әріптестері марқұмның өте жақсы адам және үздік маман болғанын айтады.
«Жақсы жігіт еді, сабырлы, өз жұмысын жақсы білетін және оны жауапкершілікпен атқаратын. Оның жұбайы және төрт баласы – үш ұлы мен бір қызы бар. Үш баласы мектепте оқып жүрсе, үлкені мектепті бітірген… Олар зейнеткер анамен бірге тұрған. Ол отбасындағы кенже ұл еді, барлығы алты ағайынды», – деді компанияның бас директоры Нұрлан Белшер.
Мұнайшы демалысқа әріптесі әрі досы Бауыржан Жұмағұловпен бірге ұшып бара жатқан.
Қайтыс болған адамның денесі әлі Жаңаөзенге жеткізілген жоқ, себебі сараптама әлі жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта Ақтауда мәйітхана ғимаратының жанында Сандибектің екі ағасы дененің берілуін күтіп тұр.
Естеріңізге салсақ, алдында ұшақ апатынан қайтыс болған басқа қазақстандықтар туралы ақпарат жариялаған болатынбыз.