Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Дәрігерлерді қорғауымыз қажет". Енді медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендер қатаң жазаланып, сотталатын болады

15:22, 03 қаңтар 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдататын заңға қол қойды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды Alash.kz. 

Заң Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге түзетулер енгізуді көздейді. Оған сәйкес, медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

  • Қауіп төндіретін күш қолдану: 200–500 АЕК айыппұл, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу; ауырлататын жағдайларда – 2–3 жыл.

  • Өмір мен денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану: 500–1000 АЕК, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу.

  • Өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық: 5–10 жыл, ауырлататын жағдайда 7–12 жылға дейін бас бостандығын айыру.

Сонымен қатар, Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген түзетулер бойынша, бұл қылмыстарды ішкі істер органдары тергейтіні заң жүзінде бекітілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері елде медицина қызметкерлеріне 280-нен астам шабуыл тіркелген, оның 58-і биылғы жылдың үлесіне тиесілі.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару және Конституциялық Сот шешімдерін орындау мәселелері бойынша түзетулер енгізетін заңға да қол қойды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар