Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы оқыту әдістемесі мен маман даярлау ісін заман талабына сай қайта қарау қажеттігін алға тартты, деп жазады Alash.kz.
Оның пайымдауынша, жасанды интеллекттің, соның ішінде ChatGPT технологиясының пайда болуы дәстүрлі білім беру моделінің тиімсіздігін айқындап берді. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, қазіргі таңда жұмыс орындарының 40 пайызына жуығы технологиялық ықпалға ұшыраған. Әсіресе, аудармашы, бухгалтер және заңгер секілді кәсіп иелерінің қызметі үлкен өзгеріске түсуде. Осы ретте депутат бұрынғы «білім берсең, жұмыс табылады» деген қағиданың ескіргенін атап өтті. Аймағамбетов мырзаның пікірінше, университеттер тек мамандық берумен шектелмей, студенттердің сыни ойлау қабілетін арттыруға және іргелі гуманитарлық білімге баса назар аударуы тиіс.
Асхат Аймағамбетов білім беру саласындағы түйткілдерге тоқталып:
«Университеттер тапшы мамандықтарға ғана көңіл бөлмей, іргелі және гуманитарлық білімді күшейтуі керек. Себебі сыни ойлау мен кеңінен талдай білу – жасанды интеллект орындай алмайтын қабілеттер», – деп мәлімдеді.
Сондай-ақ ол білім беру бағдарламаларының өзегіне жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығын, әйтпесе отандық түлектердің жаһандық бәсекеге қабілетсіз болатынын ескертті.
Бұдан бөлек, гранттарды бөлу саясаты мен оқытушылардың жұмыс жүктемесін қайта қарау ұсынылды. Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда сұранысқа ие болып көрінген кейбір мамандықтар алдағы уақытта маңызын жоғалтуы мүмкін, ал нақты өндіріс салаларында кадр тапшылығы әлі де байқалады.
Ол: «Бұрын білім беру логикасы түсінікті еді. Ал қазір жасанды интеллект мұндай тапсырмаларды тез әрі тиімді орындайды. Сондықтан бұл модель өзектілігін жоғалтып барады», – дей келе, жастарды өмір бойы оқуға (lifelong learning) бейімдеу басты мақсат болуы керек екенін жеткізді.