Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бүгінде қазақша кітап оқу, өлең жаттау былай тұрсын, қазақша сөйлеу мен ойлау да дефицит болып барады" - кинорежиссер Талғат Теменов

20:38, 07 ақпан 2026

Қазақстанның халық әртісі, кинорежиссер Талғат Теменов қазақ тілінің қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді. Ол бұл туралы жеке жазбасында атап өтті.

Талғат Теменовтің айтуынша, бүгінгі қоғамда тіл мәселесінің қайта көтерілуі – кездейсоқ құбылыс емес, ұлттық сана-сезімнің өсуімен байланысты заңды үрдіс. Оның пікірінше, қазақ тілінің қоғамдық кеңістіктегі орны соңғы жылдары әлсіреп, бұл мәселе қоғамды алаңдатып отыр.

Кинорежиссер қазақ тілінің шетке ысырылуы бүгін басталған құбылыс емес екенін айтып, оның тарихи себептері бар екенін жеткізді. Ол тіл тағдырына қатысты алаңдаушылықты елдің болашағымен тікелей байланыстырады.

Сондай-ақ Теменов урбанизация үдерісінің елдің әлеуметтік, мәдени және рухани өміріне әсер еткенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл жастарының қалаға көшуі кезінде тілдік және мәдени кемсітулер болған, бұл жағдай қоғамда белгілі бір психологиялық салдар қалдырған.

Өз жазбасында ол Мәскеуде оқыған жылдарын еске алып, юкагир ұлтының өкілі, курстасы Геннадий Дьячков туралы мысал келтірген. Режиссердің айтуынша, юкагир халқы саны аз этностардың бірі болғанымен, өз тілі мен мәдениетін сақтауға ұмтылған. Алайда бүгінде бұл тілде сөйлейтін адамдар саны күрт азайған.

Талғат Теменов тіл мәселесін елдің болашағына салынған стратегиялық инвестиция ретінде бағалап, тәуелсіз мемлекеттің басты тіректерінің бірі – ұлттық тіл екенін атап өтті.

Бүгінде қазақша кітап оқу, өлең жаттау былай тұрсын, қазақша сөйлеу мен ойлау да дефициттің бір түріне айналды. Кезінде ауыл жастары қалаға үдере көшкенде «мәмбет», «ауылбай», «колхоз» деген келемеж сөздер сол кездегі жастарға үлкен комплекс болғаны рас. Бүгінгі урбанизация еліміздің экономикасына, әлеуметтік жағдайына, мәдениеті мен руханиятына да өзгерістер әкелгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, осы кезде тіл мәселесінің қайта көтерілуі — заңдылық. Бұл қоғамның жай белсенділігі емес, бұл — ұлттық сана-сезімнің өсуі деген дұрыс болар. Бұл кезең — ертеңге деген үміт пен арманымыздың алаңдауы. Біле білген адамға тіл мәселесі — болашағымызға салынған инвестиция. Тілі бірдің — ділі бір. Ол — біздің Тәуелсіз мемлекетіміз. Ал тәуелсіздіктің қасында басқа дүниенің бәрі екінші, үшінші мәселе ғана… P.S. Соңғы деректер бойынша, жер бетінде юкагир тілінде сөйлейтін он бес шақты адам ғана қалған екен… Есіме баяғы досым Геннадий Дьячков түсті. Оның арманы іске аспай қалғаны өкінішті… - деді режиссер.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар