ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек ұлы жазушы Мұхтар Мағауиннің қазасына көңіл айтып, пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол бұл туралы инстаграмдағы парақшасында жазды.
Мағауиннің қазасы нені ұқтырды…
Үш күннен бері үш нәрсе ойыма орала берді. Жүректе сақтамай, жұртпен бөліскенді жөн көрдім…
1 - Ұлы адамдарды Алла ұлы ғып жаратады. Жақсы ма, жаман ба, ғалым ба, залым ба, зиялы ма, зиянды ма - ұлы адам бәрібір тарихта ұлы боп қала береді.
Ірілердің ірі боп, мықтылардың мықты боп қалуының ең бірінші себебі - мақсатына адал боп, принципінен қайтпауында.
Біздің жақсы болсақ та, жаман болсақ та ұсақ болуымыздың, көп нәрсе тындыра алмауымыздың ең үлкен себебі - мақсатымыз айқын емес, принциптерімізден де сәт сайын тайқып кетуімізде…
Мағауин атамыз кеше де, бүгін де мақсатын белгілеп алған соң принципінен бір тайған жоқ. Біз де сондай болсақ, біраз жерге барар едік.
2 - Атамыз өз шындығымен өмір сүрді. Жастау кезінде қазақты сүйген шығар. Кейін бізден бас тарты. Біразымыздан жиіркенді. Қазақтың жазушысы емес, әлемнің ойшылы екенін түсінді. Қазақтың ұлысы емес, адамзаттың ірісі екеніне сенді.
Ақырында бізге үш талақ айтып, қайырылмай кетті…
Жарыса мақтап, жабыла теңеу іздеп, қан-сорпамыз шығып жатыр. Ол Мағауинға көк тиынға да керек емес. Ол мақтамаса, мақтанбаса жүре алмайтын қазақ қоғамы үшін, айналамыз үшін айтылып жатқан әдеттегі әңгімеміз ғана…
Себебі, ол бізден басын алып қашты, көбімізді менсінбеді, біразымыздан құсқысы келді. Шындығы сол. Біз мойындағымыз келмейді. Арсалаңдаймыз. Анасына жабысқан тастанды баладай жәутеңдеп, етегіне жабысамыз. Ол көзіне де ілген жоқ.
Шығармаларын оқимыз, тамсанамыз. Біз үшін жазғандай мейірленеміз. Біз үшін жазған жоқ. Өзі үшін жазды. Ол тарихтағы шын қазақты, текті түрікті, бекзат болмысты аңсады. Бүгінгілерден түңілді. Бізден қашты. Бізді аяды.
Ол аса талантты, айырықша ақылды, ерекше еңбекқор адам. Өзінің бағасын білді. Біздің “бойы бұлғаң, сөзі жылмаң” ортамыздан безіп жоғалды. Жуық арада түзелмесімізді сезіп, сүйегін де сипатпады, жаназасына да тұрғызбады.
Біз болсақ, әлі сол - қырыққа бөлініп, құрыққа таласып, өсекпен таң атырып, кесекпен көк желкеден ұрып, аяқтан шалып, сүрінгенге күліп, ұрлықпен нан жеп, зорлықпен ер боп, тұлғаны түтіп, сау адам қалдырмай, бітірген түк жоқ, күндіз-түн күпініп, күн өткізіп жатырмыз…
Арамыздан шыққан аз-кем ірілер арқасын беріп кетіп жатыр. Біз түзелмек түгілі не боп жатқанын да түсінбей әуреміз.
Біз кісілікке қайтпасақ, ынтымаққа ұйымасақ, тілімізді бақпасақ, көп нәрседен айырылу үстіндеміз.
Мықтылар бізбен бірге болмақ түгілі, бір зиратта жатқысы келмей жатырқауда. Ойланатын, толғанатын жағдай бұл, беу, тойшыл, сауықшыл, сөзуар қазақ…!
3 - Мағауин өлімі, елдің оған деген махаббаты нені ұқтырды?
Көп адамның осындай тағдырға риза екенін, соңғы шешімдеріне құрметпен қарайтынын білдірді.Яғни, Мағауин тұлғасы - қазіргі көп қазақтың аңсаған моделі. Осындай болсам ғой деген арманының көрінісі.
Демек, көп қазақ өз ісінің майталманы болғанды қалайды, ұлттық тақырыптарда жүргенді дұрыс санайды, шетелде тұрғанды аңсайды, жат жерде жан тапсырып, сонда жерленуге де кет әрі емес…
Расында солай болса, “Ер туған жеріне” деген де мақалдың мазмұны ауыса бастады деген сөз.
Бұрынғы ірі қазақтардың өлімі, жерленген жерінің өзі - мағына арқалап, үлкен миссия атқарып тұратын.
“Төле би Ташкенге жерленуін қалапты, ұрпағына әлденені ұқтыру үшін…”
Есет батыр: “Басымды құбылаға қаратқанмен, аяғым көрші елге қарасын. Ең болмаса табаныммен шекараны тіреп жатайын” депті, дегендей әңгімелер көп айтылатын.
Ал, Мағауин атамыз АҚШ қа жерленуімен не ұқтырғысы келді екен?!
Туған жер, Атамекен деген ұғымдар кеңейіп, басқа мазмұн ала бастады ма?
Әлде, қу дүниенің құбыласы батыс боп, “аман қалам десең алаңдайтын бағытың осы жақ болсын” деген атамыздың ишарасы ма екен?!
Бәлкім, тұғырынан алыстап, туғанынан жырақтап, бас қамын артық қойған тойымсыз нәпсінің жазасы ма?!
Не болғанда да дүниенің дидары өзгерді. Құндылықтар да қырық құбылды. Батыс білгенін жасап, шығыс шындығын жоғалтып, адамзат тоғыз жолдың торабында тұр…
Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде!
Әлем әбіржіп жатқанда біз не боламыз?!
Біз Мағауинды мақтаумен әуре боп жатырмыз, ал, ол біздің мақтау түгілі жоқтауымызды керек қылмай, мұхиттың арғы жағында мәңгілікке маңдай тіреді.
Кімдікі дұрыс?
Жалбақтап жабысып жатқан біздікі ме, қашып жүріп, қабірін аулақ қазған атаміздікі ме?Менің ше, Қазақ баласы осы өлімнен ғибрат алу керек!
Бойымызда нені өзгерту керек, қандай қылықтан құтылу керек?
Туған ұлың неге тұра қашты?
Біз неге әлі әсер қуып, сөз қуып, дау қуып жүрміз?
Неге сенгеніміз серттен тая береді?
Неге күткеніміз күн астынан шықпай қояды?
Неге алдана береміз?
Қайтсек, арманға жетеміз?!”,- деп жазды ол.