Мәртөк ауданында 29 наурыз күні кешкі уақытта жоғалған мектеп оқушысын табу мақсатында ауқымды іздестіру-құтқару операциясы жүріп жатыр, деп жазады Alash.kz.
Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында баланың жанында болған достарынан жауап алынды. Олардың айтуынша, қатарластары Елек өзеніне бірге барған. Сол жерде оқушының аяғы тайып кетіп, кенеттен суға құлаған. Содан бері баладан ешқандай хабар жоқ.
Қазіргі таңда Сарыжар ауылының маңындағы Елек өзенінің бойында жұмыстар тәулік бойы, үзіліссіз жалғасып жатыр. Құтқарушылар баланың суға батып кетуі мүмкін деген болжамды негізге ала отырып, су айдындары мен жағалау аймақтарын мұқият тексеру үстінде. Операцияға жалпы саны 370 адам мен 60-тан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы оқиға орнындағы жұмыстарды тікелей үйлестіріп отыр. Іздестіру аймағында байланыс сапасын қамтамасыз ету үшін Starlink және Iridium спутниктік терминалдары орнатылған. Құтқару шараларына ТЖМ авиациясы, сүңгуірлер тобы, кинологиялық есептер, сондай-ақ Ұлттық ұлан әскерилері мен полиция қызметкерлері тартылды. Бұған қоса, жергілікті еріктілер мен ауыл тұрғындары да көмек көрсетуде.
Іздестіру жұмыстары басталғалы бері мамандар өзен арнасының 30 шақырымнан астам бөлігін жүзу құралдарымен шарлап, жағалау бойымен 45 шақырым жерді жаяу тексеріп шықты. Сүңгуірлер тобы 70-тен астам рет су астына түсіп, 5 шақырымға жуық акваторияны қарады. Алайда өзеннің ирелең арнасы, күшті кері ағыстар мен судың лайлылығы іздестіру процесін айтарлықтай қиындатып отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, іздестіру жұмыстары күндіз де, түнде де тоқтамайды. Өзен түбіндегі көріністің нөлге тең болуына және қалың өсімдіктер мен батпақты учаскелерге қарамастан, мамандар барлық қолжетімді ресурстарды пайдалануда. Қазіргі уақытта бес ұшқышсыз ұшу аппараты мен 11 жүзу құралы өзен бойын бақылауда ұстап отыр. Тергеу және іздестіру амалдары жалғасуда.