Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Екі жыл бойы адам саудалаған»: Көпбалалы ананың сұмдық қылмысы әшкере болды

18:04, 01 сәуір 2026

Абай облысының соты Аягөз қаласының тұрғынына қатысты адам саудасы бабы бойынша үкім кесті, деп хабарлайды Alash.kz. 

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы екі жыл бойы әлеуметтік қорғауға зәру азаматтарды алдау жолымен қанап келген. Жұмысқа орналастыру туралы жалған уәде беріп, оларды шаруа қожалықтарына сатып отырған әйелдің ісі толық дәлелденді. Айыпталушының «Күміс алқа» иегері екеніне және жәбірленушілердің кешірім бергеніне қарамастан, сот оны 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.

Тергеу барысында әйелдің бес бірдей қылмыстық эпизодқа қатысы бар екені анықталды. Ол өз құрбандарының сеніміне кіріп, оларды еңбекке жегу үшін шаруашылықтарға жіберген. Әр адам үшін 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейін сыйақы алып, бұл қаражатты жеке мүддесіне жұмсаған. Сонымен қатар, кейбір жәбірленушілердің жүріс-тұрысын шектеп, оларға психологиялық қысым көрсеткені және ерік-жігерін жасыту үшін ішімдік бергені белгілі болды.

Сот үкім шығару кезінде бірнеше жеңілдетуші жағдайларды ескерді. Атап айтқанда, сотталушының кінәсін толық мойындап, өкініш білдіруі, материалдық шығынды өтеуі және жәбірленушілермен татуласуы назарға алынды. Сондай-ақ оның жасы мен көпбалалы ана ретіндегі мәртебесі де қаралды. Сотталушының қорғаушылары мен жәбірленуші тарап оны түрмеге жаппауды сұрағанымен, қылмыстың ауырлығы жазаны қатаңдатуға негіз болды.

Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енді. Адам саудасына қатысты бұл іс өңірдегі еңбек құлдығы мен әлеуметтік осал топтарды қорғау мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Құзырлы органдар шаруа қожалықтарындағы еңбек жағдайын бақылауды күшейту қажеттігін алға тартып отыр. Сотталған әйел жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар