Шымкент қалалық полиция департаменті кәмелетке толмаған екі балаға қатысты жасалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, деп жазады Alash.kz.
Мәлім болғандай, жәбірленушілердің жақын туысы оларға қатысты бірнеше күн бойы заңсыз әрекеттер жасады деп айыпталуда. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап, куәгерлерден жауап алу үстінде. Бұл жағдай құзырлы мекемелердің ерекше бақылауына алынған.
Жәбірленуші тараптың мәліметінше, алғашқы оқиға 2021 жылы орын алған. Баланың анасы перзентханада болған кезеңде 9 жасар ұлын туыстарының қарауына қалдырған. Сол уақыт ішінде күдікті балаға қатысты үш күн бойы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасап келген. Кейіннен дәл осы тұлғаның тағы бір жасөспірімге, атап айтқанда, екінші бір әпкесінің ұлына қатысты бес күн бойы ұқсас қылмыстық істерді іске асырғаны белгілі болды.
Қос отбасы да болған жағдай бойынша полицияға ресми түрде арызданған. Полиция департаменті бұл деректі растап, тиісті материалдардың зерделеніп жатқанын хабарлады. Тергеу барысында қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық істің ақ-қарасын анықтау үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде.