АҚШ Президенті Дональд Трамп Израиль күштерімен бірлесе отырып жүргізіліп жатқан Ирандағы әскери операцияның таяу арада аяқталатынын хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Вашингтон алдағы екі-үш апта ішінде Иран тарапына ауқымды соққы жасауды жоспарлап отыр. Алайда бұл шабуылдың нақты қандай стратегиялық мақсатты көздейтіні әзірге ашып айтылмады. Трамп Тегеран бақылауындағы су жолдарына қатысты АҚШ-тың ұстанымы өзгергенін де тілге тиек етті.
Ақ үй басшысы қазіргі уақытта Иран бұғаттап отырған Ормуз бұғазына қатысты мәселеге де тоқталды. Оның пайымдауынша, Құрама Штаттар ішкі сұранысты өз мұнай-газ ресурстарымен толық қамтамасыз ете алатындықтан, аталған су жолына тәуелді емес. Сондықтан бұғазды ашу мәселесіне сол бағыт арқылы келетін шикізатқа мұқтаж мемлекеттердің өздері көбірек күш салуы тиіс.
Өз сөзінде АҚШ Президенті әскери әрекеттердің қарқынына қатысты:
«Шаруаны жылдам аяқтаймыз», — деп қысқа қайырды.
Бұл мәлімдеме Таяу Шығыстағы жағдайдың алдағы күндері айтарлықтай өзгеруі мүмкін екенін аңғартады. Ресми Вашингтон бұл операцияны Израильмен тығыз одақтастық аясында жүзеге асырып жатқанын тағы да растады.