Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бізді соғысқа жіберуге үш-ақ күн қалды»: Шетелге жұмысқа кетіп, алданып қалғандар дабыл қақты

12:31, 06 қазан 2026

Шетелде алданып, тығырыққа тірелген бір топ отандасымыз Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыртқы істер министрлігіне дабыл қағып, видеоүндеу жолдады. Олар майдан даласына аттанбас үшін ел билігінен жедел араша сұрауда, деп хабарлайды Alash.kz.

Оқиға орынынан бейнежазба таратқан азаматтың айтуынша, алғашында 15 шақты адам болып барған топтан қазір он шақтысы ғана қалған. Ол өз сөзінде:

«Бізді соғысқа аттандыруға небәрі үш-ақ күн қалды. Күнде адамдарды өз еркінен тыс соғысқа алып кетіп жатыр. Біз алданып қалдық. Ешқандай құжатқа өз еркімізбен қол қойған жоқпыз. Бізді мәжбүрлеп, күштеп қол қойдырды», — деп жағдайдың тым ушығып бара жатқанын жеткізді.

Үндеу иесінің сөзінше, олар он күннен астам уақыт бойы Қазақстанның елшілігімен және заңгерлермен тұрақты байланыста болып, елге қайтаруды өтінгенімен, әлі күнге дейін ешқандай нақты әрекет байқалмаған.

Отандасымыз жауапты тараптардың уәдесіне тоқталып:

«Бізге “жауаптарыңды күтіңдер, аман-есен алып кетеді” деп айтып жатыр. Бірақ әлі нақты жауап алған жоқпыз. “Бір-екі күнде алып кетеді, шыдаңдар” дейді. Сол бір-екі күн деген он күннен асып кетті», — деп өз күдігін жасырмады.

Қатарлары біртіндеп сиреп бара жатқанын алға тартқан азамат, кезектің өздеріне келіп жетуінен қатты қауіптенеді:

«Бізді неге алып кетпейді? Біз басқа жерде соғысып өлгенше, өз жерімізде соғысып өлгеніміз жақсы. Бізді тым болмаса уақытша ұстау изоляторына апарып, соғысқа аттандырмай қойса, жауабын күте береміз. Қасымыздағы балаларды өз еркінен тыс алып кетіп жатыр. Бізді де алып кетуі мүмкін. Сіздер тезірек қимылдамасаңыздар…»

2026 жылғы 5 қазанда жазылған бұл бейнеүндеуде автор Қазақстанның ресми органдарынан оларды әскери қақтығыстар аймағына жібермей тұрып, Отанға аман-есен қайтару мәселесін шұғыл арада шешуді өтінеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар