Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Біз пара алмаймыз, параны ауылдарыңдағы болыстарың алады» - Міржақып Дулатұлы туралы естеліктен

13:46, 11 маусым 2024 417

Аяулы ақын, халық кемеңгері Міржақып туралы естелігімді талай жыл айдауда азап шеккен, белгілі ақындарымыздың бірі Дүйсенбек Еркімбековтің жарияланбаған мына бір өлеңімен бастайыншы:

Міржақып өрен жүйрік жұрттан озған,

Құлашын кеңге жайып, айға созған.

Әсерлі әрбір сөзі ыстық жалын,

Бетіңе леп тигендей шоқты қоздан...

Мен де тұтқындалып, Сібірде айдауда жүргенімде, ұмытпасам 1943 жылы болуы керек, Төлеген деген көпті көрген бір шал лагерьде барақта қасыма келіп:

- Молдабай, мен қажыдым, елге тірі бара алмайтын халге жеттім. Сен жассың ғой, елмен қауышарсың, ішіме сыймай жүрген бір сөзім бар, соны саған айтсам елге жеткізерсің,- деп бастады ол әңгімесін. 

- 1916 жылы Бірінші дүниежүзілік импералистік соғыс жүріп жатыр, патша өкіметі қазақтан қара жұмысқа жігіттер алды, солардың бірі болып мен де алындым, бізді алып барып Псков қаласына жақын бір жерде окоп қаздырды, 1917 жылы ақпан революциясында патша тақтан құлаған соң, бізді босатты, енді елге қайтамыз, ел-жұртымызды көреміз деген қуанышымыз қойнымызға сыймады, айдап отырып Петроградқа (қазіргі Санкт-Петербург) келдік.

Пойызға билет алуға кассаға бардық, бір жас қыз кассасын ашып, бізге бір нәрсе дейді, біз орысша дегеннен ләм-тұйым түк білмейміз. Үріккен қойдай он шақты жігіт, есіктен шыға қашамыз, бірақ елге қайту керек, тағы кассаға барамыз, тағы есік ашылады, тағы ешнәрсе айта алмай, жөңкіле қашамыз. Сөйтіп жүргенде артымыздан бір адамның: "Әй, қазақтар, тұра тұрыңыздар",- деген дауысы естілді, жалт бұрылып қарасақ, әдемі киінген, басында қалпағы бар бір жігіт жанымызға жақындап келіп:

- "Е, е, приемнан қайтқан жігіттерсіздер ғой, елге бармақсыздар, дұрыс. Қалай, билет алдыңыздар ма?" - деп сұрады. Біз жағдайымызды айттық. Ол отыра қалып, қағаз қарындашын алып, біздің әрқайсымыздың қай жерден екенімізді жазып алды да: "Қалай, ақшаларыңыз бар ма?" - деп сұрады. Бізге окоп қазғанда жұмысымызға қарай ақша беретін. Тиісті ақшамызды бердік, көп ұзамай бәрімізге билет әкеліп, қайсымыздың қай станциядан түсетінімізді түсіндіріп, айтып берді. Қуанып қалдық. Өздеріміз оңаша шығып, өзара сөйлесіп: "мына кісі бізге көп қызмет істеді, қалада тұратын болуы керек, ақша керек қой" деп, ортамыздан ақша жинап, патшаның суреті бар әлгі жүз сомды бәріміз, айнала отырып, ағамызға ұсындық. Ол кісі ақшаны қолына алып отырып:

- Мен Міржақып Дулатов деген кісімін, Алаш партиясы басшыларының бірімін. Жақында бәріміз жиналып, енді приемға алынған жігіттер елге қайтады, оларға билет алып беріп, пойызға мінгізіп салу үшін әр қалаға кісілер жібердік, менің еншіме осы қала тиді, мен өзіме тапсырылған міндетті орындап отырмын, ал сіздердің мына беріп отырғандарыңыз пара ғой. Біз пара алмаймыз, параны ауылдарыңдағы болыстарың алады, - деп бізге ақшамызды қайтарып берді. Жүз сомға ол күнде ауылда жүз қой алуға болады. Халықта "Алтын көрсе, періште жолдан таяды" деген сөз бар, мына кісі періштеден де таза екен ғой деп таңдандық, - деп Төлеген қарт сөзін аяқтады. Көп ұзамай аштан, ауыр жұмыстан сол лагерьде Төлеген қайтыс болды. Мен әлгі қарттың тапсырма-өсиетін орындайын деп, әрі қадірменді ағамыз Міржақыптың үлгілі ісі жастарға өнеге болсын деп, осы уақиғаны әдейі айтып отырмын.

1910 жылы басылып шыққан "Бақытсыз Жамал" деген романының сөз басында М.Дулатұлы:

Міржақып - төмендердің аласасы,

Сөзімнің бар ма, жоқ па тамашасы.

Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,

Қазақша бір роман жаза салшы.

Мұны айтып, жұрттың көңілін аударайын деп отырғаным - шумақтағы "аласасы" деген сөз. Араб елінде үлкен адамдарды мадақтап сөз қатқанда "Тақсыр" деп бастайды, "тақсыр" деген сөзді қазақшаға аударсақ, "аласа" деген сөз екен. Мұнда бойдың аласалығы емес, көңілдің аласалығы, өзін-өзі аласа ұстау мағынасында, "Менің тақсырым" дегенде "Менің кішіпейілдім" деген мағынада айтылып отыр. Дулатұлы да "Міржақып төмендердің аласасы" дегенде "Мен кішіпейілдің кішіпейілімін" деп отыр. Жастар, қадірлі ағаның осы сөзін көңілге жақсы ұстаңдар.

Мені ұстағанда НКВД-ның таққан айыбы:

1) сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Скворцовты "мылжың" депсің дейді;

2) бір жерде Дулатұлының "Бақытсыз Жамал" романынан өлең оқыпсың дейді.

Бұл айыптардың негізсіз екені талай айтылды да. Енді дау айтудың реті келмес.

Шынында, мен "Бақытсыз Жамалды" басынан аяғына шейін дерлік жатқа айта беретінмін. Жас кезімде кемпір-шалдар үйге жиналып алып, оқыта беретін. Әдейә жаттаған емес, қайта-қайта оқи бергесін ойда қалып қойған ғой. Тергеуде "онда (романда) революцияға қарсы ешнәрсе жоқ, малға сатылған қазақ қызының зары" десем тыңдамайды.

Ахмет Байтұрсынұлының "Анама хат" деген өлеңінде: "Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ, өкімет өрзорлыққа бар ма шараң", - дейді ғой.

Бұл маған да (жалғыз мен емес, қырық миллион адамға) істелген өрзорлық қой. Бұл да ауру, халық мақалы "Ауру батпандап кіреді де, мысқалдап шығады" дейді. Сол мысқалдап шығып болмай жатыр емес пе?

Молдабай ӘБДІРОВ

"Алаштың абзал азаматы" мақаласынан

21 қыркүйек 1989 жыл

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы. 6-том. - Алматы, 2013 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?