Жетісу облысында кәмелетке толмаған баласына қатыгездік көрсеткен Жаркент қаласының 28 жастағы тұрғынына қатысты сот шешімі шықты, деп жазады Alash.kz.
Сот талқылауы барысында анықталғандай, оқиға бір ай бұрын орын алған. Тергеу материалдарына сәйкес, анасы төрт жасар ұлын тұрмыстық салғырттығы, атап айтқанда, суды өшіруді ұмытып кеткені үшін физикалық тұрғыда жазалаған. Ол баланы жылыту батареясына байлап қойып, ожаумен ұрып, дене жарақатын салған.
Аталған оқиға бейнежазбаға түсірілген. Мәліметтер бойынша, видеоны баланың әкесінің өтінішімен отбасының танысы түсірген, кейіннен ер адам құқық қорғау органдарына ресми шағым түсірген. Қазіргі уақытта отбасындағы төрт және екі жастағы екі бала Талдықорған қаласындағы Отбасын қолдау орталығына орналастырылды.
Іс аясында жүргізілген сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысы бойынша, айыпталушының ақыл-есі кемістігі бар екені дәлелденді. Сарапшылар әйелдің өз әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін сезінуге қабілетсіз болғанын анықтады. Осыған байланысты сот шешімімен ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарға мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілді.