Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ауылға қашан барамыз?». Атыраудағы трагедия: Ақбаянның қазіргі жағдайы қалай? (ВИДЕО)

10:16, 19 қазан 2026

Атырау облысы Жангелдин ауылында орын алған жантүршігерлік отбасылық трагедиядан кейін ұзақ уақыт бойы емделу курсынан өткен Ақбаян Мұқанғалиеваның бүгінгі жағдайы көпшілікке белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.

Еске салсақ, Ақбаян Мұқанғалиева — өз ата-анасының, ағасы мен әпкесінің қазасына кінәлі деп танылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы зайыбы.

Қазіргі таңда Ақбаян денсаулығын қалпына келтіру процесін белсенді жалғастырып, қарапайым күнделікті тұрмыстық дағдыларды қайтадан меңгеруде. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалардан оның әріптер мен сандарды басынан бастап қайта үйреніп жатқанын, тігін тігуге машықтанып, қолөнермен айналысып жүргенін байқауға болады. Сондай-ақ ол дене белсенділігін біртіндеп арттыру мақсатында үстел теннисін ойнап жүр.

Десе де, денсаулық жағдайына байланысты оның уақытты ұзақ отырып өткізуі әлі де қиындық туғызады. Сол себепті әрбір жаттығу немесе айналысқан ісінен кейін міндетті түрде үзіліс жасап, тынығып алуына тура келеді.

Ақбаян әлі күнге дейін ата-анасы мен бауырларының қазасы туралы мүлде бейхабар. Жақындарының айтуынша, ол жиі «ауылға қайтайықшы, қашан барамыз?» деп сұрақ қойып, туған жеріне оралуды аңсап жүр.

Айта кетерлігі, Ақбаян Мұқанғалиева — бес баланың анасы. Желіде жарияланған суреттердің бірінен оның өз перзенттерімен бірге түскенін көруге болады. Ал оның әлеуметтік желідегі жеке парақшасының сипаттамасында «Бес баланың бақытты, мейірімді анасымын» деген сөздер жазылған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар