Шымкентте қатыгездікпен өлтірілген 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың жақындары қылмыскерге ең ауыр жаза кесуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұмды ақтық сапарға шығарып салған туыстары Түркістан облысының Төрткүл ауылында жиналып, болған жағдайға байланысты өз наразылықтарын білдірді.
Қайғыдан қан жұтқан ана қызының өліміне кінәлі адамды ешқашан кешірмейтінін айтып, биліктен қатаң үкім сұрады. Ол өз сөзінде былай деді:
«Алтындай, сондай ақылды қызымнан айырылып отырмын. Толықтай жазасын алсын. Ату жазасын берсін. Өмір бойы сотталып кетсе де жаным ашымайды. Айуандықпен қызымды өлтірген адамды ешқандай кешіруге болмайды».
Қанды оқиға Шымкенттің көшесінде орын алған. 28 жастағы ер адам бойжеткенді соңынан қуып жетіп, оған бірнеше рет пышақ салған, соның салдарынан студент оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта күдікті қолға түсіп, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.