Шымкентте әскери комиссариатқа алып кетпек болған сәтте үшінші қабаттан құлаған жігіт ауыр жарақат алды, деп хабарлайды ALASH.KZ Ulysmedia.kz сілтеме жасап.
Шымкентте 23 жастағы Арман Хабибулла ойын клубының үшінші қабатынан құлап, ауыр жарақат алды. Оның анасы Жанна Байдібекованың айтуынша, оқиға полицейлер жігітті күштеп әскери комиссариатқа алып кетпек болған кезде болған.
Оқиға 11 мамырға қараған түні болған. Арман түнгі сағат 01:00 шамасында досымен бірге ойын клубында отырған. Біраз уақыттан кейін анасына ұлының ауруханаға түскені туралы хабар жеткен.
Жанна Байдібекованың сөзінше, ойын клубына төрт полиция қызметкері кірген. Олардың бірі есік алдында тұрған, қалған үшеуі бөлмелерді аралап, жастардың құжаттарын тексерген. Кейін олардың учаскелік полиция инспекторлары мен арнайы жасақ (СОБР) қызметкерлері екені белгілі болған.
– Ұлымды әскерге алып кететіндерін айтып қорқытқан. Неліктен ойын клубына келді? Неге оны осындай күйге жеткізді? Соның салдарынан үшінші қабаттың терезесінен секіріп кетті, – дейді анасы.
Салдарынан Арман ауыр бассүйек-ми жарақатын алған. Оның бассүйегі, қабырғасы және қолы сынған. Дәрігерлер оған шұғыл операция жасап, бірнеше күн бойы есін жия алмаған. Алдағы айда тағы бір басына операция жасалмақ. Дәрігерлер анасына ұлына мүгедектік рәсімдеуді қазірден бастауды ұсынған.
Жәбірленушінің анасы болған жағдайға полиция қызметкерлерін кінәлайды. Оның айтуынша, оқиғадан бері үш ай өтсе де, олардың ешқайсысы кешірім сұрамаған әрі қызметінен шеттетілмеген.
– Олар халықты қорғауы тиіс. Заң бәріне бірдей болуы керек. Тергеушіден нақты жауап ала алмай жүрмін. Полицейлерден жауап алынды ма деп сұрасам, үнемі «ертең» дейді. Жақында ғана бір куәгерден жауап алынғанын айтты, ал қалғандары әлі жауап бермеген. Бұған таңғаламын. Ал оқиғаға қатысы бар қызметкерлер әлі күнге дейін жұмыс істеп жүр, – дейді Жанна Байдібекова.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Алайда жәбірленуші тарап тергеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына наразылық білдіруде. Полиция оқиғаға қатысты ресми қорытындыны әзірге жариялаған жоқ.