Петропавл қаласында бұрын аса ауыр қылмыстары үшін ширек ғасыр түрмеде отырып келген ер адам 54 жастағы әйелге тап беріп, оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасамақ болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға Жұмысшы кентінде күндізгі уақытта орын алған. Шабуылға ұшыраған әйел белсенді қарсылық көрсетіп, қаскөйдің қолынан сытылып шығып, көшедегі өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұрап үлгерген. Осыдан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру шараларын ұйымдастырып, күдіктіні ізін суытпай қолға түсірді. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалған күдіктінің Петропавл қаласының 62 жастағы тұрғыны екені белгілі болды.
Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын егжей-тегжейлі анықтау үшін тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Аталған іс облыстық полиция департаменті басшылығының тікелей қатаң бақылауына алынды, ал тергеу мүддесіне сәйкес басқа ақпараттар жария етуге жатпайды.
Анықталғандай, ұсталған азамат бұған дейін қарақшылық жасағаны, біреуді өмірден айырамын деп қорқыту арқылы ерекше қатыгездікпен зорлағаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны сияқты аса ауыр қылмыстары үшін сотталған. Ол Солтүстік Қазақстан облыстық сотының 1999 жылғы 28 желтоқсандағы үкімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын толық өтеп шыққан болатын.
Түрмеден 2024 жылғы 12 қаңтарда босатылғаннан кейін, Айыртау аудандық сотының 2023 жылғы 27 қарашадағы қаулысына сәйкес оған соттылығы толық жойылғанға дейін сегіз жыл уақытқа әкімшілік қадағалау белгіленген еді. Құқық қорғау органдары аталған факті бойынша қылмыстық істі тергеу жалғасып жатқанын, сондай-ақ заңнамаға сәйкес күдіктінің кінәсі сотта толық дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептелетінін еске салады.