Ақмола облысы Целиноград ауданында заңсыз жағажайда тоқтап тұрған жеңіл көліктің суға сырғып кетуі салдарынан ішінде болған екі бала қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға халық демалыс орнына айналдырған, суға толған карьерде орын алған. Куәгерлердің айтуынша, тоғыз және он екі жастағы екі қыз бала суға шомылып болғаннан кейін, киім ауыстыру мақсатында жағада тұрған автокөлік ішіне кірген. Сол сәтте жеңіл машина кенеттен төмен қарай, суға сырғып кеткен және ішіндегі балалар сыртқа шығып үлгермей қалған. Оқиғаны көріп ұмтылған әкесі қыздарын аман алып қалуға барын салғанымен, су астына кеткен көліктің есіктерін аша алмай қалады. Кейіннен батқан көлікті су түбінен құтқарушылар тобы алып шықты. Қазіргі уақытта аталған төтенше жағдайдың нақты себептері егжей-тегжейлі тексеріліп жатыр.
«Өткен демалыс күндері Ақмола облысы аумағындағы су айдындарында бес адам қаза тапты. Оның ішінде бір адам суға батып кетсе, төрт жағдай жазатайым оқиға ретінде тіркелді. Өкінішке қарай, осы бес адамның ішінде кәмелетке толмаған үш бала бар», — деп мәлімдеді Ақмола облыстық ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.