Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Артық жүктеме азая ма? Мұғалімдер қатты қуанып жатыр»: Асхат Аймағамбетов Президент тапсырмасына қатысты пікір білдірді

17:17, 28 қазан 2026

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов бүгін кулуарда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайту жөнінде берген тапсырмасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.

Депутаттың айтуынша, бүгінде мұғалімдердің жұмыс жүктемесі тек қағазбастылықпен шектелмейді. Ұстаздар түрлі ақпараттық жүйелерге мәлімет енгізіп, әлеуметтік желілерге контент жариялау сияқты қосымша міндеттерді де орындауға мәжбүр.

«Мемлекет басшысы тоқталғандай, бүгін шын мәнінде жағдай ушығып тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлы билікке келгенде, мен осы салаға министр болып тағайындалдым. Мемлекет басшысының қабылдауына барған кезде, ең бірінші көтерген мәселесі мұғалімдерді қолдау және қорғау болды.

Осы жеті жылдың ішінде үлкен жұмыс жүргізілді. Соның ішінде Мемлекет басшысының барлық Жолдауында мұғалімдер туралы айтылып келеді.
Қазір қағазбастылық, мұғалімдерді қажетсіз жұмыстарға жегу мәселесінің шынымен де ушыққанын көріп отырмыз.

Бұрын біз тек қағазбастылық туралы айтатынбыз. Бұл мәселе бойынша біраз жұмыс жүргізілді. Ал қазір қағазбастылықпен қатар, түрлі ақпараттық жүйелерге мәлімет енгізу міндеті де көбейді», – деді ол.

Оның сөзінше, мұғалімдерге тапсырмаларды шұғыл орындау талап етіліп, әлеуметтік желілерге видео түсіру секілді қосымша міндет жүктеліп отыр.

«Тіпті, сынып жетекшілері тапсырмаларды бүгін емес, кеше орындауы тиіс деп жатады. Олардан Reels түсіруді талап етеді. Мұғалімдердің өздері: «Біз таң атқаннан кешке дейін Reels түсіріп, Instagram, Facebook, TikTok желілеріне видео жүктеумен айналысып кеттік», – деп айтып жатыр.

Сондай-ақ олар қосымша ақпараттық жүйелерге мәлімет енгізуге, ата-аналарды шақырып, олардан қажетті жеке ақпараттарды жинауға көп уақыт жұмсайтынын жеткізуде.

Сондықтан Мемлекет басшысының бұл проблеманы көріп, біле отырып, мұғалімдердің басты қорғаушысы әрі қамқоршысы ретінде тиісті тапсырма беруі, менің ойымша, өте маңызды. Мұғалімдер бұл шешімге қатты қуанып жатыр және қуанады деп ойлаймын», – деді депутат.

Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайту мәселесі заңнамалық деңгейде де қарастырылатынын атап өтті. 

Оның айтуынша, Құрылтай депутаттары тиісті заң жобасын әзірлеп жатыр.

«Біз, Құрылтай депутаттары, қазір арнайы заң жобасын дайындадық. Бұл туралы бұған дейін де айтқан болатынмын. Заң жобасында Мемлекет басшысы көтерген мәселелер де міндетті түрде қамтылатын болады», – деп түйіндеді сөзін Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұстаздардың жұмыс жүктемесін жеңілдетіп, мұғалімдердің абырой-беделін қорғау қажеттігін атап өткен болатын.

«Тағы бір мәселе. Қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер көп талқыланып жүр.

Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек.

Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр.

Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек.

Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес.

Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес.

Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек.

Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар