Әнші Айгүл Иманбаева желідегі парақшасында жазба жариялап, жаңалығын бөлісті, деп жазады Alash.kz.
Өнер иесі PHD алу үшін докторантураға емтихан тапсырған.
Сондай-ақ әнші қоғамда өнер адамдарына қатысты қалыптасқан түсініктерді сынға алды. Ол әртісті білімсіз, клоун ретінде қабылдау дұрыс емес екенін айтты.
"Қоғамда қалыптасқан өте қате, теріс түсініктер бар. Әртіс-білімсіз, әртіс-клоун дейді. Бұл өте дұрыс емес ұғым. Мен өзім оқығанды, ізденгенді жақсы көремін. Төрт дипломым бар. Докторантураға тапсыру себебім мен 20 жылдық педагогикадағы жұмыс өтіліммен зерттейтін дүние өте көп. Өнердің қоғамдағы қызметі өте маңызды. Өнер адамдары жер дауы, ел дауы болғанда алдыңғы шепке лақтыратын клоун емес. Ақымақ адамдардың қатарында емес. Қоғамда айтары бар, атқаратын міндеті, алып жүретін миссиясы бар мамандық иесі. Ол үшін тек оқу керек, даму керек. Мен доктор деген аты үшін ғана оқымаймын. Артымда қалдыратын дүние болғанын қалаймын", - деді Айгүл Иманбаева.