Ақтөбеде балаларға стоматологиялық қызмет көрсететін емханада жиналған халықтың видеосы әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыланды, деп жазады Alash.KZ.
Қала тұрғындарының бірінің айтуынша, балалар тісін емдейтін клиника алдында ұзын-сонар кезек пайда болған. Желіде тараған бейнежазбаға облыстық балалар стоматологиясының әкімшілігі түсініктеме берді.
Медициналық мекеме өкілдерінің мәліметінше, пациенттерді қабылдауға тіркеу электронды кезек жүйесі арқылы жүргізіледі.
Клиникада кезектің көбейуін мектеп демалысы кезінде балалардың стоматологқа жүгінуі әдеттегіден артқанымен байланыстырды.
«Қазір клиникаға түсетін жүктеменің өсуіне мектеп демалысы кезеңінде балалар санының маусымдық артуы себеп болып отыр», – деп хабарлады мекеме әкімшілігі.
Қазір клиникада күту уақытын азайтып, балаларға медициналық көмекті дер кезінде әрі қолжетімді түрде көрсету үшін бірқатар ұйымдастырушылық шара қолға алынған.