Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ақтауда балабақша қызметкері 1,5 жасар қыздың қолын қайырып, шығарып жіберген

09:49, 06 ақпан 2025 284

Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде үлкен резонанс тудырған оқиға орын алды. Зардап шеккен баланың анасы Венера Жансеріковтың айтуынша, “Жібек жолы” балабақшасының тәрбиешісі оның бір жарым жасар қызының қолын қайырып, жарақаттаған және қажетті медициналық көмек көрсетпеген, деп хабарлайды Alash.kz.

Оқиға 17 қаңтарда болған. Алайда, әйелдің айтуынша, ол бұл туралы БАҚ-қа енді ғана жүгінуге шешім қабылдаған, себебі білім басқармасы мен прокуратураға жасаған шағымдары нәтиже бермеген.

“Кешке күйеуім қызымды балабақшадан алып кетіп, оның қолын қозғаған сайын ауырсынатынын байқаған. Ол дереу ауруханаға апарды, онда дәрігерлер қызымның қолы шыққанын анықтады. Сол кезде мен жұмыста болдым, бірақ бірден ауруханаға жетіп, кейін балабақшаға барып, не болғанын білгім келді. Алайда, балабақша қызметкерлері, соның ішінде тәрбиешілер мен директор, ештеңе білмейтінін айтты,” – дейді Венера Жансерікова.

Ол бейнебақылау камераларындағы жазбаларды талап етіп, көргенінен шошып кеткен: кадрлардан тәрбиешілердің балаға ұрумен қорқытқаны байқалады. Сонымен қатар, балабақшадағы тамақтану жағдайының да өте нашар екенін анықтаған.

“Балаларға түскі асқа нан туралған сорпа берілген, бесіндік мүлде болмаған. Кешкі асқа 15 бала төрт тәрелкеден тамақ ішіп, екі ғана қасықты кезекпен қолданған. Күні бойы шай да, компот та берілмеген. Кішкентай балалар сусыз қалай шыдап жүргенін түсінбеймін. Демек, олар күні бойы аш жүрген” – деп күйінеді ана.

Сондай-ақ, әйел қызы балабақшаға барған уақыт ішінде бірнеше рет конъюнктивит пен стоматитпен ауырғанын, ал бірде денесінде көгерген іздер пайда болғанын айтты. Ол тәрбиешіден түсініктеме сұрағанда, “бала өзі соғылып қалды” деп жауап берген. Бірақ кейінірек қыздың шымшылғаны анықталған.

Оқиғадан кейін Венера Жансерікова білім басқармасына, прокуратураға және санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жүгінгенімен, ешқандай шара қолданылмаған.

“Балабақша әкімшілігі маған үндемеуім үшін ақша ұсынды. Мен бас тарттым да, учаскелік полицейді шақырып, арыз жаздым. Бірақ маған керісінше, егер бұл туралы ақпарат таратып, бейнежазбаны әлеуметтік желілерге жарияласам, балабақша директоры мені сотқа береді деп сес көрсетті,” – дейді әйел.

Оның үстіне, қызының құжаттарын алуға барғанда, балабақша қызметкерлері бастапқыда оларды беруден бас тартып, жоғалтқанын айтқан. Тек жарты сағаттан кейін құжаттар мекеменің мұрағатынан табылған.

Қазіргі таңда бүлдіршіннің ата-анасы әділдікке қол жеткізуге тырысып, биліктен нақты шара қабылдауды талап етуде.

Бұған дейін Маңғыстау балабақшаларында “өлі жандар” мен бірнеше миллион теңгенің ұрлығы анықталғаны хабарланған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар