Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әміржан Қосан: «Қазақстанды деназарбаевтандыру әлі де аяқталған жоқ!»

16:15, 19 наурыз 2024 456

2019 жылдың 19-наурызында Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев билікті өз еркімен Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Назарбаев ресми биліктен кеткен бес жылда елдің саясаты мен экономикасында, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайында қандай өзгерістер болды? Біз осы сауал төңірегінде белгілі саясаткер Әміржан Қосановпен сөйлескен едік...

1.Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен 5 жылда Қазақстанда не өзгерді, не өзгермеді?

Әрине, «ешқандай да өзгеріс» жоқ деп, ауызды қу шөппен сүртсек, әділетсіздік болар. Не дегенмен, президент Тоқаев елдің көңілінен шығатын мәлімдемелер жасап, жаңалықтар енгізуде. «Билікке жармасып отырып аламын» деп жатқан жоқ. Латифундистер иеленіп алған мыңдаған гектар жер мемлекеттік меншікке көшуде . Шетелге заңсыз шығарылған қаржы елге қайтарылуда.
Оның бәрі жақсы ғой.

Бірақ елде болып жатқан өзгерістердің жүйелік сипаты жоқ. Экономика әлі де сол олигахтардың қолында, пайдалы қазба өндіріп, сататын компаниялардың атаулары мен қожайындарының аты-жөны өзгергенмен, халықтың қанын сорған құбыжық жүйенің мұрты бұзылған жоқ. Әлеуметтік жүйе де сол баяғы әлжуаз қалпында қалып отыр. Саяси реформа да толыққанды жүзеге асты деп айтуға ауыз бармайды. Билік өзіне сын айтып, балама пікір білдіргеннің бәрін өзінің жауы санайтын теріс әдет жойылған жоқ. Парақорлық көбеймесе, азайған жоқ: шенеуніктік қызметтер қанша тұратынын, тендер алу үшін қанша беру керек екенін бәрі біледі, тек білмегенсиді.

Бір сөзбен айтсақ, Жаңа Қазақстан бастамасы бар, бірақ Жаңа Қазақстанның өзі жоқ. Біз ескі Қазақстанның шинелінен шыға алмай жатырмыз. Қазақстанды деназарбаевтандыру әлі де аяқталған жоқ!

2.Мемлекеттің экономикасында даму бар ма? Халықтың әл-ауқаты қалай?

Экономиканың дамуын сипаттайтын критерийлер баршылық қой. Бізде билік тек қана өзіне ыңғайлы көрсеткіштерді көрсетуге ғана әуес. Мәселен, инфляция туралы. Бірақ экономика дегеніміз ол тек қана ресми статистика емес, ол дегеніңіз әр адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігі, жұмысының бар-жоқтығы, дүкен мен базардағы азық-түлік пен тауар бағасы. Ол жағынан Жаңа Қазақстан ұяттылау болып тұр.

Оның үстіне біз бес жыл ішінде үкіметтің «мынадай уақытта мынадай көрсеткіштерге қол жеткіземіз» деген дағдарысқа қарсы бағдарламасын естімеппіз. Министрлер мен әкімдердің біліктілігі мен іскерлігі сын көтермейді, оған кадрлардың жиі ауысуы дәлел.

Сонымен бірге, қазіргі билікті қанша сынасақ та, біз бір нәрсені мойындауымыз керек: Тоқаев Назарбаев отыз жыл бойына шешпей қойған проблемалардың астында қалып отыр. Мәселен, экономиканы диверсификациялау, мұнай мен газ тәуелділігінен құтылу, ескіріп қалған инфрақұрылымды, соның ішінде, жылу және электр жүйелерін жаңарту жұмыстары ескі Қазақстан тұсында дер кезінде әрі тыңғылықты жүзеге асқанда, қазіргідей апаттар орын алмас еді.

3.Қазіргі Тоқаев билігі шынайы реформалар жасай алды ма?

Бес жыл ішінде реформаның бәрін қопарып тастап, бәрін «зың-зың» етіп қою қиын болар. Жалпы, Тоқаевтың өз тарапынан елдің жағдайын жақсартамын деген шынайы талпыныс бар екенін сеземін. Не дегенмен ол оқыған-тоқыған адам ғой, халқымен санаспаған авторитарийлардың тағдыры қандай болғанын біледі ғой, тарихта «реформатор» деген жақсы атпен қалғысы келетін шығар.

Бірақ өз басыма президенттің бастамалары ұнаса да, олардың жүзеге асуы мүлдем ұнамайды! Жыл сайын үйіп-төгіп тапсырмалар беріп жатады, алайда оны орындап жатқан үкімет, министр не әкімдер некен-саяқ!

Бес жыл бұрын жұрт министрлер мен әкімдерді сынаса, ендігі жерде, жағдай өзгермесе, сол шенділерді тағайындаған президенттің өзінің жауапкершілігін айта бастайды. Саясаттың заңы сондай.

Мәселенің тағы бір жағы бар: қоғам да өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. «Тоқаев бізге Жаңа Қазақстанды орнатып береді» деп қолды қусырып отырған да жараспайды, әркім өз жұмысында, өз саласы мен кәсібінде жаңаша көзқарас танытса, Жаңа Қазақстан құрылысы жүріп-ақ кетер еді. Өкінішке орай, бізде сол, қоғамдық белсенділік жағы да жетіспей жатады.

Екінші жағынан, билік те Жаңа Қазақстанды құруға ат салысқысы келген белсенді азаматтарды, соның ішінде билікке сыни көзқарасы, балама пікірі бар мамандарды ортақ жұмысқа тартуы тиіс. Әйтпесе, ескі Қазақстан тұсында түк бітірмеген басшылар аяқ астынан «жаңақазақстаншыл» боп қалып, сол лауазымдарында түк болмағандай қонжиып отыр. Мемлекеттік қызметке азаматтық қоғамның өкілдерін кеңірек тарту керек деп санаймын.

4.Қазір жүріп жатқан барлығына “Ескі Қазақстанды кінәлау" тенденциясына көзқарасыңыз қалай?

Кезінде «Интернационал» деген гимн болды. Сонда: «Қиратамыз ескі жалғанды, Жаңа тұрмыс орнатамыз» деген сөздер болатын. Яғни, ескі жүйені түгелімен жойып, соның орнына жаңа жүйе құру идеясы айтылған.

Алайда, физикадан да, философиядан да бос орында ешнәрсе пайда болмайтыны белгілі емес пе? Олай болса, Жаңа Қазақстан да ескі Қазақстанның іргетасына негізделмек: сол адамдар, сол қоғам, сол заңдар, сол дәстүрлер дегендей, сол ауа, сол жер дегендей. Өз басым ескі Қазақстанды толығымен мәнсұқ етуге қарсымын. Назарбаевты, оның билігін сынаймыз деп біз ескі Қазақстан тұсында өмір сүрген өз халқымызға, адал азаматтарға, өз тарихымызға топырақ шаша алмаймыз. Ескі Қазақстанның биліктің халықтан алшақтауы және жүйелі түрде ауыспауы, бір адам басқарған билік, жеке басқа табыну, экономиканы олигархтардың иеленіп алуы, жаппай жемқорлық, жауапсыздық пен жағымпаздық, көзбояушылық, әділетсіз сайлаулар, оппозицияны қудалау сияқты басты кемшіліктерінен арылсақ, Жаңа Қазақстанның да төбесі көрініп қалар.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар