Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматы орталығындағы даулы құрылыс: тұрғындар мен компания пікірі екіге жарылды

15:00, 23 қазан 2025 85

Алматының орталығында салынғалы жатқан әлеуметтік нысандар құрылысы қоғамда үлкен дау туғызды, деп хабарлайды Alash.KZ.

Академқалашық тұрғындары өз үйлерінің маңында бой көтермек ғимараттарға қарсы шығып, Президентке арнайы үндеу жолдады. Олар түсірген бейнеүндеуде жоспарланған құрылыс тектоникалық жарық аймағына тым жақын орналасқанын айтып дабыл қаққан.

Тұрғындардың уәжі қандай?
«Құрылыс үйлерімізге тым жақын тұрғызылмақ. Жаңа нысандар бос кеңістікті түгел жауып тастайды. Бұл аумақ бұрындары сейсмикалық тұрғыдан қауіпті деп танылып, құрылыс салуға тыйым салынған еді. Мұнда жүзден астам ағаш өсіп тұр. Әл-Фараби даңғылының бойы онсыз да тығыз салынған тұрғын және іскерлік ғимараттарға толы. Тағы бір бизнес орталықтың қажеті жоқ», – дейді тұрғындар.

Компания жауабы қандай?
Даулы аумақты жуырда SABA Group құрылыс компаниясы сатып алған. Компания президенті Ильяс Карбозовтың айтуынша, тұрғындармен кездесулер өткізіліп, олардың ұсыныстары ескерілген. Нәтижесінде жобада бірқатар өзгерістер жасалыпты: бастапқыда 9 қабат деп жоспарланған ғимараттар биіктігі 3 және 5 қабатқа дейін қысқартылған.

«Жерді 15 қазанда сатып алдық. Сол күннен бастап жобаны қайта қарап, тұрғындардың өтіністерін ескердік. Бизнес орталықтың биіктігін азайттық, өткел мен аялдамаға баратын жол қалдырдық. Барлық арақашықтық заңға сай. Академқалашық тұрғындарының өмір сапасын арттыруға атсалысқымыз келеді», – деді Карбозов.

Компания өкілдері аумақтың сейсмикалық қауіпті аймаққа жататыны туралы ақпаратты жоққа шығарды. «Бұл жерде тектоникалық жарық жоқ. Ол әл-Фараби даңғылының жоғары жағымен өтеді. Барлық құжаттарды мұқият тексеріп, қаланың бас жоспарымен салыстырдық. Бас жоспарға сай бұл жер қоғамдық-іскерлік аймақ ретінде белгіленген», – деп түсіндірді ол.

Экологиялық мәселе және жаңа жоспар:
Құрылыстың басталуына дейін 400-ге жуық ағаш кесілетіні айтылғанымен, компания олардың орнына 10 есе көп – 4 мың көшет отырғызуға уәде берді. Сондай-ақ, тұрғындардың тыныштығын сақтау үшін жаңа ғимараттар маңында шағын саябақ салынбақ. Онда демалыс орындары мен қоғамдық тамақтану нүктелері орналасады.

Қала әкімдігінің ұстанымы қандай?
Мәселе бойынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов та пікір білдірді. Оның сөзінше, құрылыс жобасы қала құрылысының ресми құжаттарына сәйкес келеді.
«Қазіргі таңда жобаның заңдылығына күмән жоқ. Дегенмен, барлық құжаттар толық тапсырылған жоқ. Жоба бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау құжатына сай. Біз құрылыс жүргізушілерден көршілес тұрғындармен келісуді, ғимараттардың биіктігі мен тығыздығын азайтуды талап еттік. Тұрғындар мен әкімдіктің талаптары ескерілгендіктен, жоба жүзеге асуға лайық деп санаймыз», – деді ол.

Әл-Фараби даңғылы бойындағы жаңа нысандардың құрылысы келер жылы басталмақ. Компанияның жоспарына сәйкес, заманауи қонақүй мен кеңсе ғимараттары шамамен бір жарым жыл ішінде толық салынып бітуі тиіс.

Жобаның мақсаты — қала инфрақұрылымын дамыту болса, тұрғындардың талабы — өз қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау. Даулы құрылыс осы екі мақсаттың арасындағы тепе-теңдікті табуға байланысты болмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар